Павлодар облысында кәмелетке толмағандар арасында қылмыс азайды

Павлодар облысында кәмелетке толмағандар арасында қылмыс азайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ең жиі жасалатын қылмыс түрлері бұл – алаяқтық пен ұрлық, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.

– Биылғы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмаған балалар арасында қылмыс жасаған 17 факті тіркелді. Оның ішінде жасалатын қылмыстардың негізгі түрлеріне ұрлық, алаяқтық, тонау, денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру фактілері жатқызылады, – деді Жасқайрат Қайыров. 

Оның сөзінше, жас балалар арасында жасалған қылмыстар былтырғымен салыстырғанда екі жағдайға азайған. 

– Колледжде оқитын жастар мен мектепте оқитын балалар арасында қылмыс азайды. Түрлі бұзушылықтар мектепті бітіргеннен кейін жасалынады, – деді спикер. – Қылмыс жасағанда олар өздерін қаһарман деп санайды, ересек болғысы келеді. Алайда бұл әрекеттер қылмысқа не болмаса, әкімшілік құқықбұзушылыққа жататынын аңғармайды. Сондықтан ата-аналарға өте мұқият болу қажет. 

Биыл балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 178 ата- ана, ал  балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және тұрғын үй-жайлардан тыс жерде болғаны үшін 1610 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кету керек, екі және одан да көп әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдер полиция органдарына есепке қойылады.

– Соңғы үш жылда 36 жасөспірім арнайы мектеп-интернатқа, ал екі бала ерекше режимдегі мекемеге жіберілді. Олар алаяқтықпен айналысқан болатын. Қазір зейнеткерлерге хабарласып, немерелері жол апатына түскені туралы жалған хабарлама айту фаткілері жиіледі. Алаяқтар интернет арқылы балаларды өздері тауып алып, ақшаға жұмыс ұсынады. Былайша олар қылмыстың қатысушысы атанады, – деді Жасқайрат Қайыров.

Кәмелетке толмағандар 16 жастан бастап әкімшілік жауапкершілікке, ерекше жағдайларда ҚР ӘҚБтК 435-бабы бойынша 14 жастан бастап ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы 16 жастан бастап, ауыр және аса ауыр түрлерді жасағаны үшін 14 жастан басталады.