Павлодар облысында кассалық аппаратты қолданбаған кәсіпкерлер айыппұл арқалады

Павлодар облысында кассалық аппаратты қолданбаған кәсіпкерлер айыппұл арқалады
Фото: ru.freepik.com / freepik

Бұзушылықтарды салық органдары анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мемлекеттік кірістер органдары бақылау-касса машиналары мен POS-терминалдардың болуы және оларды пайдалану тәртібіне қатысты тақырыптық тексерістерді бастады.

Қазіргі уақытта «Манақбай», «Олжа», «Рахмет», ECO базары, Halyk базары және басқа да сауда орындарында тексерістер жүргізілді. 

– Әкімшілік жауапкершілікке төрт салық төлеуші тартылып, 16 кәсіпкермен тыңдау өткізілді. Сонымен қатар, төрт бизнес субъектісінде хронометраждық зерттеу жүргізіліп, павлодарлықтардан түскен өтініштер негізінде үш кәсіпкерге қатысты әкімшілік материалдар дайындалды, – деді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомство Қазақстан Республикасында ақшалай есеп айырысу кезінде бақылау-касса машиналарын қолдану міндетті екенін еске салады. 

– БКМ қолданбау, ақаулы немесе есепке алынбаған құрылғыларды пайдалану ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Бір жыл ішінде бұл талап қайталанған жағдайда 20-дан 40 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған (ҚР ӘҚБтК-нің 284-бабы), – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, тұтынушыға БКМ чегін бермеу де әкімшілік жауапкершілікке алып келеді.