Павлодар облысында келесі жылға дейін оннан астам спорт кешені салынады
Бұл нысандардың жартысына жуығының құрылысы өткен жылдары басталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы ӨКҚ-де өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев мәлім етті.
– Өңіріміздегі спортты дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2025 жылға қарай облыс тұрғындарының дене шынықтырумен қамтылуын 50 пайызға жеткізу жоспарланған. Мектептердегі 300 залды халыққа қолжетімді ету және 200-ден астам жаңа спорттық құрылым салу көзделген, – деді Нұрлан Есембаев.
2022 жылы Ертіс ауданы орталығында және Павлодар қаласы Мойылды ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды.
Сондай-ақ өткен жылдан бері 5 спорт нысанының құрылысы жалғасып жатыр. Бұлар – М.Омаров ауылындағы, Береке, Галкин, Кенжекөл ауылдарындағы және «Спорт сити» аумағындағы олимпиадалық резервті дайындау орталығы.
Нұрлан Есембаевтың айтуынша, құрылыстың уақытында аяқталмауына бірнеше себебі бар. Ол мердігерлердің жауапсыздығы мен қаражаттың кеш түсуіне байланысты құрылыстың созылуы.
– Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтсақ, Павлодар ауданы Кемеңгер ауылында, Ақтоғай ауданы Қараоба ауылында және Шарбақты ауданы Хмельницкий ауылында дене шынықтыру кешенін салу жоспарланған, – деді Нұрлан Есембаев.
Одан бөлек, 2023-2024 жылдары бес жобаны іске асыру қолдау тапты. Ол бойынша Жолқұдық, Пограничник, Еңбек ауылдарында кешен салынады. Ал, Аққулы ауданындағы Қарақала ауылы мен Ақсу қаласына қарасты Алғабас ауылында кешен салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалады.
Сонымен қатар, 2023 жылы облыста 5 нысанда күрделі жөндеу жоспарланған. Солнечный кентіндегі ДШК-да, Успен ауылында спорт мектебінде, Қалқаман ауылында ДШК-да, Ефремовка ауылындағы залда және Жолқұдық ауылындағы алаңда.
Фото: ашық дереккөздерден