Павлодар облысында мұғалімдердің орташа жалақысы 380 мың теңгені құрайды
Аймақ басшысы Асайын Байханов былтырғы білім саласындағы нәтижелерді қорытындылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі инстаграм парақшасындағы кезекті бейне-есеп топтамасын білім беру саласында жүргізілген жұмыстарға арнады.
– Облыстық бюджет шығыстарын ең көп құрайтын сала – білім беру жүйесі. Өңірімізде 603 білім беру мекемесі бар, оның ішінде: 157-сі - балабақша, 359-і - мектеп, 44-і - колледж, 36-сы - қосымша және жеті арнайы білім беру ұйымы. Облыста 20 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Мұғалімдердің орташа жалақысы 380 мың теңгені құрайды, – деді аймақ басшысы.
Жалпы, білім беру саласына жыл сайын 186 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. 2023 жылға арналған білім беру бюджеті барлық облыстық бюджеттің 46% пайызын құрады. Ал 2024 жылға 207 млрд теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 20,2 млрд теңгеге немесе 10,8% пайызға артты. Сондай-ақ, 2022 жылға қарағанда 2,753 оқушыға өсіп, қазіргі таңда 119 мыңнан астам бала білім алуда.
– Негізінен, 2023 жыл нәтижелі болды. 54 мектепті жаңғыртып, өңірдің 33 мектебі мен бес балабақшасына 9,5 миллиард теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Алдағы үш жылда тағы 138 мектепті жаңартуды жоспарлап отырмыз, – деп қосты Асайын Байханов.
Айта кетейік, 2023 жылы Железин ауданының Моисеевка, Баянауыл ауданының Қаражар және Павлодар ауданының Сычевка ауылдарында үш жаңа мектеп салу арқылы апатты мектептердің мәселесі толығымен шешілді. Ал Павлодар қаласының Шапық Шөкин атындағы №9 мектеп-гимназиясының жаңа ғимаратының құрылысы аяқталды. Облыс орталығының «Достық» шағын ауданы мен Қамал Мақпалеев атындағы мектептің жанында «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша екі мектептің құрылысы басталды.
– Ерекше қажеттіліктері бар балалардың оқу жағдайларын жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта өңірдің бес мектебіне 120 млн теңгеге заманауи жабдықтар сатып алынды. 100% пайыз, яғни 45 мың бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 3,2 млрд теңге бағытталды, – деп нақтылады аймақ басшысы.
Облыстың шалғайдағы ауылдарының балалары үшін 1,9 млрд теңгеге 46 мектеп автобусы сатып алынды. Қосымша білім беруді дамытуға 332 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды, 3,5 мыңға жуық бала түрлі үйірмелермен және секциялармен қамтылды.
– Биыл Екінші Павлодар шағын ауданында жоғары технологиялық базасы бар инновациялық шығармашылық орталық ашылады. Ал, Екібастұзда жаңа Балалар шығармашылық үйінің құрылысы басталды, – деді ол.
Білім саласына жіберілген бюджеттік инвестициялар сапалы нәтижелеріне қолжеткізді.
Мәселен, Павлодар оқушыларының қоржынында Халықаралық және республикалық олимпиадалардың 287 медалі бар, ал Павлодар облысының жасөспірімдері 2023 жылдың «Үздік олимпиадалық командасы» аталымы бойынша марапатталды.