Павлодар облысында макулатура өңдейтін жаңа өндіріс орны салынып жатыр

Павлодар облысында макулатура өңдейтін жаңа өндіріс орны салынып жатыр
Фото: gov.kz

Жобаның құны 10 миллиард теңгеден асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Павлодар облысында «QazRoyalPak» ЖШС-нің макулатураны қайта өңдеу жобасы жүзеге асырылуда.

Кәсіпорын жобалық қуатына шыққаннан кейін жылына 75 мың тоннаға дейін қағаз қалдықтарын қайта өңдей алады.

Жобаның жалпы құны шамамен 10,8 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс «Жасыл даму» АҚ бағыттаған кәдеге жарату төлемдері есебінен қаржыландырылған. Бөлінген қаражат толық игерілді.

Қазіргі уақытта өндірістік цехтардың құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар жабдықтарды орнатуға арналған іргетастар салынып жатыр. Нысанды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

«QazRoyalPak» ЖШС директоры Гүлнара Қайдарованың айтуынша, жаңа жоба кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді.

– Біз үшін бұл жоба – өндірісті дамытудың маңызды кезеңі. Өндірістік қуатты арттыру макулатураның едәуір көп көлемін қайта өңдеуге және қайталама шикізатты өндірістік циклде тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – деді Гүлнара Қайдарова.

Жоба іске қосылғаннан кейін өңірде қағаз қалдықтарын қайта өңдеуге арналған қосымша өндірістік қуат пайда болып, макулатураны қайта айналымға тарту көлемі артады.

Министрліктің мәліметінше, «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен ел бойынша жалпы сомасы шамамен 116 миллиард теңгені құрайтын 30 жобаны қаржыландырған. Олар қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыруға, полигондарға көмілетін қалдықтарды азайтуға және қайталама шикізатты экономикалық айналымға қайтаруға бағытталған.