Павлодар облысында марихуана сатуды ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды (ВИДЕО)
Олар Telegram қосымшасындағы интернет-дүкен арқылы жұмыс істеген, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Polisia.kz медиа порталының мәліметінше, Павлодар облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері прокуратурамен келісілген жедел тергеу іс-шаралары нәтижесінде есірткіні интернет-дүкен арқылы өткізумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды. Жедел тергеу топтары Павлодар және Екібастұз қалаларының аумағында бір уақытта арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлерінің күштік қолдауымен осы қылмыстық бизнеске қатысушыларды ұстады.
– Жедел уәкілдер Telegram қосымшасындағы интернет-дүкен арқылы марихуананы сатуды жолға қойған ұйымдастырушыны және тағы да басқа төрт адамды құрықтады. Олардың қатарында бухгалтер, интернет-дүкеннің әкімшісі, буып-түюші мен жасырып кетуші бар. Төрт мекенжай бойынша жүргізілген тінту нәтижесінде тоғыз келіден астам марихуана, сатылымға дайын есірткі, буып-түюге және қолдануға арналған түрлі құрылғылар, қылмыстық бизнеске қатысы барын растайтын техника мен ұялы телефондар, сондай-ақ интернет-дүкеннің қаражат айналымының жазбалары табылып, тәркіленді, – деп жазылған хабарламада.
Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі – «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды.
Естеріңізге сала кетейік, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, бірнеше рет, аса ірі мөлшерде, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы жасалған бұл қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Тергеу амалдары жалғасуда. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оған қатысқаны үшін қылмыстық іс қозғау жоспарлануда.