Павлодар облысында мереке күндері жол апатынан жиырмаға жуық адам жарақат алды

Үш адам қайтыс болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, мерекелік демалыс күндері жол-көлік оқиғаларына байланысты шақыртулар өте көп болды.
– Апаттар елді мекен ішінде де, сыртында да орын алды. Кемеңгер ауылы маңындағы және Павлодар Орталық жағалауындағы өліммен аяқталған апаттар барлық жол қозғалысына қатысушыларға — жүргізуші, жаяу жүргінші немесе велосипедші болсын — үлкен ескерту болуы тиіс. — дейді Ирина Мищенко.
Өткен демалыстағы ең ірі жол-көлік оқиғасы 5 шілде күні Шарбақты бағытындағы тас жолда, Кемеңгер мен Хмельницкое ауылдарының арасында орын алды. Үш көлік соқтығысып, екеуі өртеніп кетті. Оқиға орнына үш жедел жәрдем бригадасы мен бір апаттық медицина орталығының тобы тартылды. Өкінішке қарай, үш ер адам алған жарақаттарынан көз жұмды. Тағы алты адам түрлі ауруханаларға жеткізілді.
– Зардап шеккендердің ішінен 40 жастағы әйел жақ-бет бөлімшесіне жатқызылды. Ол бет қаңқасының жарақатын алды. Жағдайы тұрақты деп бағалануда. Бас-сүйек ми жарақаты, жамбастың сынуымен 20 жастағы жігіт реанимацияда комада жатыр. Оған бас сүйегінің трепанациясы жасалды. Сондай-ақ, 1975 жылы туған ер адамның бірнеше қабырғасы сынды. Ол ауыр жағдайда политравма бөлімінде ем алуда, – деді №1 қалалық аурухананың баспасөз қызметінде.
Айта кетейік, 6 шілде күні Тереңкөл ауданы Жаңабет пен Жасқайрат ауылдарының арасындағы тас жолда болған апатқа екі жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Автокөліктің аударылуы салдарынан төрт адам зардап шекті: 1976 және 1985 жылы туған әйелдер медициналық тексеруден бас тартты, ал 18 жастағы қыз бен 2023 жылы туған бүлдіршін аудандық ауруханаға жеткізілген болатын.
7 шілде күні Екібастұз қаласында бірден екі жол апаты тіркеліп, әрқайсысында төрт адамнан зардап шекті. Алғашқы жағдайда екі көліктің соқтығысуынан кейін 29, 30 және 63 жастағы әйелдер мен 77 жастағы ер адам қалалық ауруханаға жеткізілді. Екінші оқиғада зардап шеккендердің арасында 36 жастағы әйел мен үш бала болды: 8 және 9 жастағы екі қыз және 7 жастағы ұл бала.