Павлодар облысында мереке күні музейлер мен кітапханалар тегін қызмет көрсетеді

Республика күні аясында мыңнан астам мерекелік іс-шара өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биылғы Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуымен ерекше тарихи мәнге ие.
Тақырыптық бағдарламалар 17 қазаннан басталды. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның айтуынша, тек мәдениет саласының өзінде 500-ден астам іс-шара жоспарланған.
– Кітапханаларда, музейлерде және клубтық мекемелерде әдеби-музыкалық кештер, тарихи және патриоттық сағаттар өткізіліп жатыр. 25 қазанға дейін облыс тұрғындары «Время патриотов», «Қажымұқан», «Боксер» және «Бауырға салу» фильмдерін тегін тамашалай алады, – деді ол.
Сонымен қатар, Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында 25 қазанда көрермендер назарына «Оян, қазақ! Ойлан, қазақ!» атты драмасы ұсынылады.
– Биылғы мерекенің басты мақсаты – ел азаматтарының отансүйгіштік сезімін арттыру, ұлттық бірлікті нығайту және мемлекеттік рәміздер мен тәуелсіздік құндылықтарын дәріптеу болып табылады. Ол әділетті Қазақстан құру жолындағы ұлттық даму басымдықтарын айқындап, ел бірлігін көрсетеді, – деді облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов.
Басқарма басшының сөзінше, Республика күні қарсаңында облыс бойынша 120-дан астам тақырыптық билборд орнатылып, жалпы саны мыңнан аса іс-шара өткізілмек.
20-24 қазан аралығында өңірдің мектептері мен колледждерінде «Рәміздер – менің мақтанышым» атты тақырыптық көрмелер мен «Республика – менің мақтанышым!» бірыңғай сынып сағаттары өтуде.
23 қазан күні жастар арасындағы «Тәуелсіздік ұрпақтары» және «Кәсіп жұлдызы – 2025» байқауларының жеңімпаздары марапатталады.
– Сонымен қатар «Тәуелсіздік ұланы» байқауының қорытындысы шығарылады. Өңірдің жүз талантты оқушы мен студент арнайы төсбелгі және 50 есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақы алады, – деді Әлнұр Сейдуманов.
24 қазан күні Естай атындағы мәдениет сарайында салтанатты жиын өтеді. Онда өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтар мемлекеттік сыйлықтармен марапатталып, шара мерекелік концертпен жалғасады.
25 қазан күні сағат 11:30-да Мемлекеттік рәміздер алаңында Құрметті азаматтардың, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің және Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің қатысуымен дәстүрлі Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтеді.
Одан кейінгі негізгі мерекелік концерт Конституция алаңында жалғасады. Онда әйгілі «МузАрт», KeshYou топтары, сондай-ақ Amre мен Alem есімді әншілер өнер көрсетеді.
– Екібастұз қаласында Маржан Арапбаева мен Ескендір Ибрагим, ал Ақсу қаласында Өмірқұл Айниязов пен «Жошы» тобы сахнаға шығады, – деді Медет Тауасқан.
25 қазан күні Павлодар қаласының Конституция алаңында және шағын аудандарында, сондай-ақ облыстың барлық өңірлерінде халықтық серуендер, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері мен спорттық жарыстар өтеді. «Жайлау» базарында және аудан орталықтарында барлық өңірлердің өндірушілері қатысатын кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылады.
26 қазан күні жәрмеңкелер қосымша Усолка, Химқалашық, Ласточка және Достық шағын аудандарында жалғасады.
Қазан айында өтетін қайырымдылық акциясы – «Береке Fest» сауда желілері Small, Greenwich, Inmart және «Ваш» дүкендерінде ұйымдастырылады. Бұл шара аясында отандық өнімдер 5-10 пайызға төмен бағамен сатылады.
24-27 қазан аралығында Kaspi, Teez, Halyk Market, Mechta және Технодом онлайн-платформаларымен бірлескен онлайн-жарнамалық жеңілдіктер өтеді, мұнда тауарларға 50 пайызға дейін жеңілдік жасалады.
Әлеуметтік желілерде #RepublicDay, #25Қазан, #Декларация35жыл хэштегтерімен «Менің Қазақстаным» атты медикампания басталды. Қолданушылар видеоқұттықтаулар мен Мемлекеттік Тумен түскен фотоларды бөлісіп, Отанға деген сүйіспеншілігін білдіруде.
Мерекелік іс-шаралар 27 қазанға дейін жалғасып, концерттермен, көрмелермен және түрлі акциялармен қорытындыланады.