Павлодар облысында мыңнан астам заманауи бейнебақылау камерасы орнатылады

Павлодар облысында мыңнан астам заманауи бейнебақылау камерасы орнатылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әр қиылыста үштен алты камераға дейін орнатылады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руфат Кенжин бейнебақылау камераларының, «кибер-шериф», «Zerek-2», «Оракул-С» аппараттық кешендерінің көмегімен бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыстар тиімді жүргізілуде екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта Павлодар қаласы бойынша 117 бейнебақылау камерасы  жұмыс істейді, ол ақпаратты жедел басқару орталығына жібереді. Сонымен қатар, 5000-ға жуық камера жедел басқару орталығына қосылған, яғни бұл –дүкендерде, мектептерде, басқа да қоғамдық орындарда орналасқан камералар. Яғни, олармен келісім жасалған. 

Екібастұзда мұндай 49-ға жуық камера бар, олар кезекші бөлімге таратылады. Ақсу қаласында да  45 камера орнатылған.

– Қазіргі уақытта камералардың барлығы ескірген. Сол себепті ағымдағы жылы Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында мыңнан астам бейнебақылау камераларын орнатуды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы жедел басқару орталығын жаңғыртқан едік.  Онда жаңа жабдықтар әкелініп, заманауи қондырғылар орнатылды. Ағымдағы жылы жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауды жақсарту мақсатында әр қиылыста заманауи камералар орнатылмақ, – деді Руфат Кенжин. 

Яғни, әр қиылыста үштен алты камераға дейін орнатылады. Ал оның кейбіреуі жылдамдық режимін бекітсе, қалған камералар қоғамдық тәртіпті бұзғандарды бақылайды.

Жобаны қаржыландыру облыстық бюджеттен бөлінеді. Қазіргі таңда конкурстық жұмыстар жүргізілуде.