Павлодар облысында «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының жаңа легі басталды
Өтінімдер желтоқсанның басына дейін қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақта 3 қарашадан бастап «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасына өтінімдер қабылдаудың жаңа легі басталды. Өтінімдерді «Baspana Market» порталы арқылы онлайн түрде беруге болады.
Өтініштерді қабылдау 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Қабылдау дүйсенбі-жұма күндері сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін жүргізіледі. Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе бойынша жүзеге асырылады, өтінім беру уақыты нәтижеге әсер етпейді.
– Бағдарлама жас отбасылар мен еңбекке қабілетті азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған. Қатысу үшін шотта кемінде екі миллион теңге болуы қажет. Бұл –негізгі талаптардың бірі, – деді қалалық «Отбасы банк» филиалы баспасөз қызметінің жетекшісі Мейрам Бағадатов.
Жоба бойынша балл келесі критерийлерге сәйкес есептеледі: әлеуметтік осал топтар статусы бар қатысушыларға – 10 балл, балалары барларға – 10 балл, некеде тұрғандарға – 5 балл, жасы 35-тен төмен азаматтарға 5 балл беріледі. Сонымен қатар, банк депозитіндегі әрбір мың теңге сыйақысы үшін бір балл есептеледі.
Қаржылық шарттар бойынша бастапқы жарна таза әрлеудегі тұрғын үйге 10 пайыз, ал әрлеу жұмыстары аяқталмаған үйлерге 20 пайыз мөлшерінде белгіленген. Пайыздық мөлшерлеме тоғыз пайыз, ал әлеуметтік осал топтарға жеті пайыз мөлшерлеме қарастырылған. Несие мерзімі 19 жылға дейін созылады.
Тұрғын үйді Астана, Алматы және облыс орталықтарынан алғашқы нарықтан немесе моноқалалар мен аудан орталықтарынан екінші нарықтан сатып алуға болады. Аймақтардағы тұрғын үйдің ең жоғары құны – 30 миллион теңге, ал Астана мен Алматы қалаларында – 36 миллион теңге.
Қатысушылар пәтерді таңдауға жарты жыл уақыт беріледі, ал өтінімдерді қарау мерзімі – бір ай.
«Наурыз» бағдарламасы азаматтарға қолжетімді шарттармен баспана алу мүмкіндігін ұсынады және тұрғын үйге қол жеткізу жолын жеңілдетеді.