Павлодар облысында оқушылар көптілділік бойынша білімін тексерді
Олимпиадаға 70-тен астам оқушылар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы Торайғыров университетімен бірлесе отырып, 9-11-сынып оқушылары арасында облыстық көптілділік олимпиадасын өткізді. Оған 71 оқушы қатысты.
- Олимпиаданың мақсаты – мектептегі көптілді үздіксіз білім беру жағдайында зияткерлік көпмәдениетті тұлғаны қалыптастыру. Мұнда оқушылардың мемлекеттік, орыс және шет тілдерді оқуға ынтасын арттыру, оқушылардың үш тілде коммуникативтік дағдылары мен шығармашылық әлеуетін дамыту, әлем бейнесін үш тілде түсінуде оқушылардың танымдық белсенділігін жандандыру көзделеді, - делінген хабарламада.
Олимпиада екі тур бойынша өткізілді. Бірінші кезеңде қатысушылар ұсынылған тақырыпқа үш тілде эссе жазса, екінші кезеңде оқушылар берілген тақырыпқа көпшілік алдында ауызша жауап берді. Бұл кезеңге әр пән бойынша 75-100 ұпай жинаған 36 оқушы өтті.
Олимпиада қорытындысы бойынша 18 қатысушы жеңімпаз атанды. Оның ішінде І-ші дәрежелі дипломына 3 оқушы, ІІ дәрежелі дипломына 7 оқушы, ІІІ дәрежелі дипломына 8 оқушы марапатталды.