Павлодарда кадрлық карталарды әзірлеу жөнінде форум өтті

Павлодарда кадрлық карталарды әзірлеу жөнінде форум өтті
Фото: Торайғыров университетінің баспасөз қызметі

Іс-шарада жұмыс берушілердің рөлі мен ERG-дің білім беру үлгісі таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университетінде Павлодар облысы мен ERG тәжірибесі негізінде кадр қажеттілігінің өңірлік карталарын әзірлеу және іске асырудағы жұмыс берушінің рөліне арналған форум-презентация ұйымдастырылды.

Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ұлттық жоғары білімді дамыту орталығы, «Мамандығым — болашағым» жобасы мен ERG компаниясының қолдауымен өтті.

Пленарлық сессия барысында облыс әкімдігі, ERG, ҚР ҒЖБМ, білім беру және әлеуметтік сала басқармалары, жобалық кеңсе және университет өкілдері сөз сөйледі.

«Мамандығым — болашағым» жобасының жетекшісі Олжас Сакенов кадр қажеттілігінің өңірлік карталарын әзірлеу мен енгізу, сондай-ақ жобаның үйлестіруші рөлі жайында баяндама жасады.

– Облыстың 338 мектебінен 20 мыңнан астам оқушы қатысқан кәсіби диагностика жүргізілді. Зерттеу облыс әкімдігі мен білім беру басқармасының қолдауымен жүзеге асырылды. Нәтижесінде оқушылардың агроөнеркәсіптік салаға қарағанда креативті индустрияларға көбірек қызығатыны белгілі болды. Осыған байланысты студенттерді жұмысшы мамандықтарға тарту үшін үгіт-насихат кампанияларын жүргізу ұсынылды, – деді ол.

Сондай-ақ, ол 2022 жылы өңірде креативті индустриялар картасы жасалғанын атап өтті. Зерттелген салалар қатарында мода, дизайн, кино, радио, теледидар, жарнама, маркетинг және басқа да бағыттар бар. Оның негізінде креативті индустриялар хабын құру ұсынылған.

ERG сервис орталығының әлеуметтік жобалар жөніндегі менеджері Олжас Мамырбаев еңбек нарығындағы өзгерістер туралы пікір білдірді.

– Бұрын мамандықтың өмірлік циклі 30-40 жыл болса, қазір ол жеті жылды ғана құрайды және бұл көрсеткіш жылдан жылға қысқарып келеді. Бұл – цифрландыру, технологиялардың дамуы және еңбек нарығының өзгерісіне бейімделу қажеттілігімен байланысты. Бүгін біз ERG компаниясының тәжірибесімен бөліскіміз келеді, – деді «ERG сервис орталығы» ЖШС әлеуметтік жобалар жөніндегі менеджері Олжас Мамырбаев.

Ол ERG компаниясын таныстырып, оның негізгі міндеттерінің бірі – жоғары білікті кадрлардың үздіксіз қамтамасыз ету екенін айтты. Сонымен қатар, компанияның үздіксіз білім беру экожүйесі таныстырылды: мектеп, колледж, жоғары оқу орны және корпоративтік университет — ERG cU. Бұл университет компанияның өндірістік тәжірибе, сыртқы сын-қатерлер мен заманауи технологиялық шешімдерге бейімделу мәселелерін шешу үшін құрылған.

– Торайғыров университетінде major, minor бағдарламалары және біліктілік бағдарламалары жұмыс істейді. Бұл студенттерге алғашқы курстан бастап жұмыс істеу мүмкіндігін береді. Ол үшін университетте үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді, – дейді «Мамандығым — болашағым» жобасының білім беру бағдарламаларын әзірлеушісі Марина Скиба.

Торайғыров университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Нұрлан Медетов жаңа мамандықтар Атласын енгізу университет пен Павлодар облысы үшін маңызды кезең болғанын атап өтті. Бұл үрдіс алғашқылардың бірі болып іске қосылған өңірлердің қатарында.

Оның айтуынша, Атласты жүзеге асыру тек білім беру бағдарламаларын жаңарту құралы ғана емес, сонымен қатар профессорлық-оқытушылық құрамды өзгерістерге бейімделуге және кәсіби дамуға ынталандыратын тиімді тәсіл ретінде қарастырылады. Университетте уақыт талабына сай дағдылық, даму және озық шешімдер мәдениеті қалыптасып келеді.

Форумда Павлодар облысындағы кадр қажеттілігінің өңірлік картасын енгізу нәтижелері, жұмыс берушілерді білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен жүзеге асыруға тарту механизмдері және басқа да маңызды мәселелер талқыланды.

Шараға Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Абай облысы, Шымкент, Орал, Астана және Көкшетау өңірлерінен келген делегаттар қатысты.

Форумның екінші, тәжірибелік бөлімінде Ақсу қаласындағы ERG серіктес колледжінде және өндірістік оқу орталығында көшпелі сессия өтіп, бағдарламаның нақты жүзеге асырылуы көрсетілді.