Павлодар облысында оңай ақша табамын дегендер көбею үстінде

Павлодар облысында оңай ақша табамын дегендер көбею үстінде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері 190 есірткі қылмысы әшкереленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысында есірткі қылмыстарының алдын алу – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі.

Жастар арасында психобелсенді заттардың таралуы, интернет арқылы есірткі жарнамаларының көбеюі қоғамның алаңдаушылығын тудырып отыр. Құқық қорғау органдары бұл бағытта тек күрес емес, сонымен бірге алдын алу шараларын да жүйелі түрде күшейтіп келеді.

Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқарма бөлімінің бастығы Ирина Темиргалиева өңірдегі қазіргі жағдайға тоқталып, нақты деректермен бөлісті. 

Ирина Темиргалиеваның айтуынша, ағымдағы жылы облыс аумағында 190 есірткі құқық бұзушылығы анықталып, оның 88-і есірткі сату және тарату фактілері болып табылады. Заңсыз айналымнан 537 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленген, соның ішінде: 4,79 келі– каннабис тобының заттары, 58 келі – синтетикалық психоактивті заттар және 642 келі күшті әсер ететін заттар. 

– Өкінішке қарай, есірткі бизнесі жасөспірімдерге де әсерін тигізуде. Биыл төрт кәмелетке толмаған жас қылмыс үстінде ұсталды, – деді Ирина Темиргалиева.

Бүгінде есірткіні таратуда заманауи технологиялардың рөлі ерекше.

Облыста интернет және әлеуметтік желілер арқылы жасалған екі ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленген.

Күдіктілер Павлодармен қатар көршілес өңірлерде де есірткі таратумен айналысқан.

– Интернет кеңістігі жастар үшін қауіпті алаңға айналды. Онда есірткі жарнамалары мен таратушы болуға шақыратын контент көп. Ата-аналар балалардың немен айналысып жүргенін, қандай сайттарды қарап жүргенін білуі тиіс, – деп ескертті басқарма басшысы.

Мамандардың айтуынша, ақпараттық технологиялар арқылы жасалатын есірткі қылмыстары көбіне жалған аккаунттар мен мессенджерлерді пайдалану арқылы жүзеге асады, сондықтан азаматтарға интернеттегі күмәнді сілтемелер мен хабарландыруларға сенбеу ұсынылады.