Павлодар облысында орман өрттері көбейді
Облыста орман қоры аумағында 44 орман өрті тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев мәлім етті.
– Өрт шалған аумақтың көлемі – 878,6 гектар, ал орманды жерлердің аумағы – 252,7 гектар. Оның 15 жағдайында өрт дала өртінен келген еді. Сондай-ақ найзағай разрядынан, отты абайсыз қолдану себептерінен өрт шыққан жағдайлар да бар, –дейді Руслан Төлепбаев.
Оның сөзінше, былтырғы жылмен салыстырғанда өрт жағдайы 10 жағдайға көбейген. Жыл сайын көктем мезгілінде ТЖД мен орман шаруашылығы инспекциясы бірлесіп, табиғатты қорғау мекемелерін өрт қауіпті маусымына дайындығын тексереді.
– Биылғы тексерудің нәтижесі бойынша қанағаттанарлық жағдайда деген баға берілген болатын. Орман шаруашылық мекемелерінде материалдық техникалық жабдықтаудың деңгейі 60-75% аспайды. Қолданыстағы өрт сөндіру машиналарының тозығы жеткен, 30% қолданыстан шығару керек. Ол үшін жыл сайын қаражат құйып, материалдық техникалық жағдайды күшейту қажет, – дейді Руслан Төлепбаев.
Спикердің айтуынша, орман қорғау мекемелерінде 43 өрт сөндіру машина, 59 трактор, 29 шағын орман патрульдік кешені бар. Былтыр «Ертіс орманы» резерватына 14 трактор және бір дрон сатып алынған.
– Биылғы жылы қосымша жабдықтау үшін 800 миллион теңге бөлінген болатын. Бұл қаражатқа «Ертіс орманы» резерватына 5 өрт сөндіру машина, ал үш орман қорғау мекемелерінде үш трактор және Баянауыл ауданындағы ұлттық табиғи паркіне екі трактор мен шағын орман патрульдік кешен сатып алу жоспарлануда, – деп айтты Руслан Төлепбаев.
Одан бөлек, «Ертіс орманы» мекемесіндегі орманшылықтарда 16 бақылау бекеті бар, қауіпті өрт маусымында резерваттың қауіптілігі жоғары жерлерінде қосымша 9 өртке қарсы бекет қойылды. Ал Баянауыл ұлттық табиғи паркінде 12 бақылау бекеті бар.
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті