Павлодар облысында орман және дала өрттерінің алдын алу шаралары күшейтілді

Орман алқаптарында өрт қауіпсіздігін ескертетін жадынамалар мен шұғыл қызметтердің телефон нөмірлері көрсетілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде өрт қауіпті кезеңнің басталуына байланысты Төтенше жағдайлар департаменті орман және дала өрттерінің алдын алу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізуде.
Ведомствоның тиімді бастамаларының бірі ретінде орман алқаптары мен саяжай массивтерінің маңына көрнекі ақпарат құралдары орнатылуда. Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігін ескертетін жадынамалар жапсырылған арнайы контейнер-бөшкелер қойылды. Бұл контейнерлерде ашық от жағуға, құрғақ шөп пен қоқысты өртеуге қатаң тыйым салынатыны туралы ескертулер орналастырылған. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар туындаған жағдайда хабарласу үшін шұғыл қызметтердің телефон нөмірлері көрсетілген.
Ведомство сөндірілмеген сіріңке немесе оттың шағын ұшқыны да орны толмас қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, өңірде бұған дейін де бірнеше өрт оқиғасы тіркелген болатын. 23 сәуірде «Энтузиаст» бағбаншылық қоғамдастығында 0,4 гектар құрғақ шөп өртенді. Өртті сөндіруге 22 қызметкер мен 7 техника жұмылдырылды.
16 сәуірде Ақсу қаласының маңындағы ірі өрт 45 гектар аумақты шарпыды. Оны сөндіруге 55 адам және 8 техника, соның ішінде тікұшақ жұмылдырылды. Өрттің орман қорына және елді мекендерге таралуына жол берілмеді.
4 сәуірде Баянауыл ауданының Жасыбай демалыс аймағында дала өрті болып, әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Өртті сөндіруге 220 адам мен 63 техника, сондай-ақ көршілес облыстардың күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram