Павлодарда қоршаған ортаны қорғау бойынша қоғамдық тыңдаулар өтеді

Павлодарда қоршаған ортаны қорғау бойынша қоғамдық тыңдаулар өтеді
Константин Шелковтың фотосы

Үш жылға арналған іс-шаралардың жоспары талқыланады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

 24 қыркүйек күні сағат 15:00-де Павлодарда 2026–2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары бойынша қоғамдық тыңдаулар өтеді. Бұл жоспар облыстың саясатына бағыт-бағдар беретін негізгі құжат болып саналады және ол бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Құжатты Павлодар облысының жергілікті атқарушы органдары әзірледі. Жоспар аясында қоршаған ортаны қорғауға қатысты негізгі бағыттар қарастырылған. Олар: өнеркәсіптік қалдықтарды азайту, жасыл аймақтарды көбейту, мониторинг жүйесін жетілдіру, өзен-көлдердің экожүйесін қорғау, суды тиімді пайдалану, су сапасын арттыру, жағалау мен су экожүйелерін қорғау, жер ресурстарын ұтымды пайдалану, тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу, полигондарды экологиялық қауіпсіз ету. 

– Жоспардың толық жобасы «Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі жөніндегі ұлттық деректер банкі» порталында «Қоғамдық тыңдаулар» бөлімінде жарияланған. Порталға кірген әрбір азамат құжатпен танысып қана қоймай, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіре алады, – дейді ұйымдастырушылар. 

Тыңдаулар Жеңіс алаңы, 5Б, 1-қабат, мәжіліс залында өтеді.

Сонымен қатар, тұрғындар онлайн форматта да қосыла алады. Арнайы сілтеме аталған порталдағы хабарландыруда және құжаттармен бірге жарияланған.

Қоғамдық тыңдаулар – бұл тек ресми рәсім ғана емес, сонымен қатар, әрбір азаматтың экологиялық шешім қабылдау процесіне қатысуына мүмкіндік беретін ашық алаң.