Павлодар облысында полиция төрт іс бойынша сталкинг фактілерін тергеп жатыр

Павлодар облысында полиция төрт іс бойынша сталкинг фактілерін тергеп жатыр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кейбірі жалған ақпаратпен қыздарды қорқытқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Әлеуметтік желілер мен цифрлық коммуникациялардың қарқынды дамуы нәтижесінде тек қарым-қатынас форматы ғана емес, қылмыстың сипаты да өзгеруде. Бүгінгі таңда ең алаңдататын мәселелердің бірі – сталкинг, яғни адамның заңсыз қудалануы, көбіне онлайн кеңістікте басталып, кейін жеке қауіпсіздікке нақты қауіпке айналуы мүмкін.

Сталкинг – адамның еркіне қайшы онымен байланыс орнатуға немесе оны аңдуға бағытталған, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, елеулі зиян келтіруге алып келген әрекеттерден көрінетін заңсыз қудалау.

Көбінесе құрбандар әйелдер, ал қудалаушылар – бұрынғы немесе қазіргі серіктестер болады.

Мысалы, Ақсу қаласында таныс емес бір ер адам ұзақ уақыт бойы әлеуметтік желілерде әртүрлі жалған аккаунттар жасап, қыздың интимдік қызмет көрсеткені жайлы жалған ақпарат таратып, оған әртүрлі нөмірлерден қорқыту хабарламаларын жіберген.

Ұқсас жағдай Павлодар қаласында да орын алған: 29 жастағы ер адам әлеуметтік желілер арқылы қызды заңсыз қудалаған. Ал Екібастұзда  ер адам WhatsApp мессенджері арқылы бұрынғы әйеліне денсаулығына зиян келтіремін деп қорқытып жүрген. Тағы бір Екібастұз  тұрғыны полициядан көмек сұраған. Алты ай бойы таныс ер адам оны әлеуметтік желі арқылы заңсыз қудалаған. 

– Сталкинг фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық күдіктілер анықталып, полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Әркім түсінуі керек: бұл ойын емес, жеке шекара мен қауіпсіздікті бұзу – қылмыс. Ешкім азаматтардың жеке өмірін немесе қадір-қасиетін бұзбауы тиіс. Желіде қудалау мен қорлау әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін, – деді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Сафуан Жампейсов.

Маңыздысы, бұл бап бойынша қылмыстық іс қудалау нақты зиян болған жағдайда ғана қозғалады. Мысалы, жеке өмірге қол сұғу, қозғалыс еркіндігін шектеу немесе психологиялық қысым көрсету.