Павлодар облысында респираторлық инфекцияға қарсы шаралар күшейтілді

Павлодар облысында респираторлық инфекцияға қарсы шаралар күшейтілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өткен жылмен салыстырғанда жалпы сырқаттану деңгейі төмендегенімен, балалар арасында бұл көрсеткіш артуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ағымдағы эпидемиологиялық маусымның басынан бері облыс бойынша респираторлық вирустық инфекциялармен сырқаттанудың 239 мыңнан астам жағдайы тіркелді. 

— Биыл жіті респираторлық вирустық инфекция диагнозымен үш мыңнан астам адам ауруханаға жатқызылды. Олардың ішінде 77 жүкті әйел мен бір жасқа толмаған 936 бала бар. Ал пневмониямен стационарға түскендер саны мыңнан асты. Оның ішінде үш жүкті әйел және 14 жасқа дейінгі 712 бала, — деп пайымдады облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков.

Салыстырмалы түрде өткен жылдың осы кезеңінде ЖРВИ диагнозымен ауруханаға екі мыңнан астам адам жатқызылды. Оның ішінде он бірі – жүкті әйел, 825-і – бір жасқа дейінгі балалар болған. Пневмониямен үш жүзден астам адам ем қабылдады. Атап айтқанда бір жүкті әйел, он төрт жасқа дейінгі 825 бала.

Басқарма басшысының сөзінше, эпидемиологиялық ахуалдың шиеленісе түсуіне қарамастан, облыстың медициналық ұйымдары науқастарды қабылдауға толық дайын.

– Өңіріміз бойынша 339 инфекциялық төсек дайындалған, оның 58-і – ересектерге, 281-і – балаларға арналған, – дейді өңірдің бас дәрігері. – Қажет болған жағдайда қосымша 160 төсек-орынды Сұлтанов атындағы облыстық аурухана базасында, 40 орынды облыстық балалар ауруханасында аша аламыз.

Сондай-ақ, Екібастұзда – 60, Ақсу, Май және Ақтоғайда – 20, Ертіс ауданында – 75 төсек-орын ашу мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда стационарлық ем қабылдап жатқан 85 науқас бар, оның 70-тен астамы балалар, 10-ы – ересектер.