Павлодар облысында республиалық маңызы бар жолдың бір бөлігі уақытша жабылды
Астана – Павлодар тасжолында қозғалыс уақытша схема бойынша ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – Ресей Федерациясының шекарасы автожолының Бозшакөл ауылы маңындағы 22 шақырымдық учаскесінде жол жабынына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Жөндеу жұмыстарына байланысты қозғалыс жолағының бірі уақытша жабылды. Қозғалыс қарсы бағыттағы жолақ арқылы уақытша схема бойынша ұйымдастырылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тиісті жол белгілері орнатылып, уақытша сары түсті жолақтар сызылған, сондай-ақ жарықтық стробоскоптар жұмыс істеуде, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жөндеу жүргізіліп жатқан учаскенің бүкіл ұзындығында сағатына 60 шақырым жылдамдық шектеуі енгізіліп, «Озып өтуге тыйым салынады» жол белгілері орнатылған. Жөнделіп жатқан учаскеге кіреберісте жылдамдықты кезең-кезеңімен төмендету белгілері, «Жол жұмыстары» және басқа да ескерту құралдары қойылған.
– Жүргізушілерден барынша мұқият болуды, жол белгілері мен жол таңбаларының талаптарын қатаң сақтауды, белгіленген жылдамдықты асырмауды және қауіпті маневрлер жасаудан бас тартуды сұраймыз, – дейді тәртіп сақшылары.
Осы талаптарды сақтау жөнделіп жатқан учаскеден қауіпсіз өтуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.