Павлодар облысында су басуы мүмкін жолдар аталды
«ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ және «ҚАЖсервис» ЖШС филиалдарының қызметкерлері көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша тәулік бойы жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ филиалы директорының орынбасары Алексей Логвиненконың айтуынша, автокөліктердің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін су тасқыны кезінде автожолдардың бұзылуына жол бермеу бойынша шаралар кешені әзірленген.
Алексей Логвиненко су басуы мүмкін республикалық маңызы бар автожолдарды атады. Олардың тізімі келесідей:
1) Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара учаскесінің 231-ші километрі, Қараащы ауылы, екі түтікшелі су өткізу құбыры бар;
2) Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара учаскесінің 100-105-ші километрі. Қазір жойылу қаупі жоқ. Күрделі жөндеу кезінде мұнда екі көпір мен түтікті құбыр салынды. Учаске бойынша жол ашық, арқан қоршау құрылғысы жүргізілуде;
3) Атамекен – Ақсу – Көктөбе – Үлкен Ақжар – Курчатов учаскесінің 213-ші километрі. Биылғы жылы үлкен диаметрлі жаңа су өткізгіш құбырларды орнату және үйіндіні көтеру қарастырылған;
4) Атамекен – Ертіс – Русская Поляна учаскесінің 257-261-ші километрі. Мұнда уақытша айналма жол салынған, еріген қар суының жиналуы және шайылуы мүмкін. Бұл учаскеде еріген суды өткізу үшін 11 металл су өткізгіш құбыр орнатылды.
Трассаларда шамамен 170 жолшы және 55 техника жұмыс істейді.
– Барлық жол-пайдалану жұмыстары күшейтілген режимде жүріп жатыр, – деп атап өтті Алексей Логвиненко. – Жолшылар су өткізгіш құбырларды қайта ашады және кеңейтеді. Атамекен – Ақсу – Курчатов учаскесінде жол жиектері толып кетпеу үшін құм төгілген.
Филиал директорының орынбасары көп нәрсе қолмен жасалатынын атап өтті. Мысалы, жол және демалыс алаңдары қоқыстардан тазартылады. Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара автожолында ескі жол белгілері жаңасына ауыстырылып, жаңа белгі бағандары орнатылуда.
Тасқын сулардың жойылуын жою және алдын алу үшін қажетті барлық материалдар дайындалды. Су тасқыны болуы мүмкін жерде авариялық-құтқару бригадалары ұйымдастырылған.