Павлодар облысында салық төлеушілерге жаңа режимге көшу ескертілді
Өңірде салық төлеушілерге оңайлатылған декларацияның «жаңа» режиміне көшу тәртібі түсіндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылы 18 шілдеде бекітілген жаңа салық кодексінің 840-бабына сәйкес, қазіргі уақытта арнайы салық режимдерін қолданатындар және «жаңа» режимге көшуге ниет білдіргендер 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық салу режимі туралы хабарламаны мемлекеттік кірістер органдарына ұсынуы тиіс.
Егер хабарлама берілмесе, салық төлеушілер автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне ауыстырылады. Бұл ереже патент негізінде немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істейтін кәсіпкерлерге де қатысты.
Сонымен қатар, хабарлама бермеген жағдайда, олар жеке кәсіпкер ретінде есептен шығарылады. Дегенмен, егер режим талаптарына сәйкес келсе, олар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде қызметін жалғастыра алады.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерді хабарламаны уақытында беруге және жаңа салық режимінің талаптарын сақтауға шақырады.