Павлодар облысында шекараны заңсыз кесіп өтпек болған шетелдік сотталды
Ер адам Ресейге кіруге тыйым салынғанына қарамастан, шекарадан өтудің басқа жолын іздеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Успен аудандық сотының мәліметінше, Қазақстанның мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өтуге оқталған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот анықтағандай, 2024 жылдың шілдесінде Тәжікстан азаматы жұмысқа орналасу мақсатында Ресейге барған. Алайда Мәскеудегі Шереметьево әуежайында оны ел аумағына кіргізбей, кері қайтарған.
Кейін ер адам Қазақстан арқылы Ресейге өтпек болған. Ол Үрлітөбе өткізу пункті арқылы Қазақстанға кіргенімен, Ресейдің Павловка шекара бекетінде тағы да өткізілмеген. Сол жерде оған 2060 жылға дейін Ресейге кіруге тыйым салынғаны хабарланған.
– Ресей Федерациясының аумағына ресми тәртіппен кіре алмайтынын біле тұра, азамат Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын өткізу пункттерінен тыс жерден кесіп өту арқылы Ресейге заңсыз өтпек болған. Алайда өзіне байланысты емес мән-жайларға байланысты қылмыстық әрекетін соңына дейін жеткізе алмаған, – делінген сот хабарламасында.
Іс қысқартылған тәртіппен қаралды. Сот ер адамды кінәлі деп танып, алты айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Сонымен қатар сотталған азаматты Қазақстан аумағынан бес жыл мерзімге шығарып жіберу туралы шешім қабылданды.
Үкім заңды күшіне енді.