Павлодар облысында су тасқынына төтеп беретін арнайы техника алынды

Павлодар облысында су тасқынына төтеп беретін арнайы техника алынды
Фото: ТДЖ баспасөз қызметінен

Олар аудандарда көктемгі кезеңде төтенше жағдайдың алдын алуға көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірде 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық басталды.

- Әкімдіктермен, жол және бейінді қызметтер тарапынан қорғаныс сипатындағы кешенді жұмыстар жүргізілді. 156 шақырым қорғаныш дамбалары нығайтылып, салынды. 36 су өткізу құрылысы орнатылып,  жөнделді. Шамамен 2 шақырым су бұру арналары жабдықталды, - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, биыл төтеншеліктер жергілікті жерлердегі техникалық дайындыққа да ерекше назар аударған. Ықтимал су тасқыны қаупіне жедел ден қою мақсатында аудандар арнайы техникамен толықтырылған. Мәселен, Тереңкөл, Успен және Май аудандарында тіркемелі дизельді мотопомпалар сатып алынды.

Өңірдің су тасқыны кезеңіне дайындығы жоспарлы режимде жалғасуда және елді мекендерді су басудан сенімді қорғауға бағытталған. 

Аймақта су тасқыны кезеңіне дайындық аясында 22 іс-шараны қамтитын инженерлік жұмыстар жоспары іске асырылуда. Бүгінгі таңда жоспарланған барлық іс-шаралар толық көлемде, яғни 100 % орындалды.