Павлодар облысында сөрелердегі кітаптар жаңа өмірге ие болды
Қалада ерекше мәдени шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар күніне орай «Таза Қазақстан» жобасы аясында баспа басылымдары мен бөлме өсімдіктерін өзара алмастыруға арналған ерекше акция ұйымдастырылды.
«Жасыл ел» жастар қозғалысы қолға алған шараның негізгі мақсаты – үйде қажетсіз болып қалған кітаптар мен өсімдіктерге жаңа иесін тауып, қайта қолданысқа енгізу. Қатысушылар бұрын оқып шыққан немесе үйінде артық тұрған дүниелерін әкеліп, өздеріне ұнаған басқа туындылар мен өсімдіктерге айырбастады.


Облыстық штабтың жоба менеджері Арина Краскованың айтуынша, павлодарлықтар арасында баспа кітаптарға деген қызығушылық жоғары.
– Мүмкін, бұл басылым біреу үшін ерекше олжа болар. Алмасу шарасынан бөлек, қонақтарға арналған қосымша бағдарлама да әзірледік. Би студиясы бачата бойынша шеберлік сағатын өткізді. Балалар үшін шығармашылық аймақ ұйымдастырылып, кішкентай қонақтар сурет салып, бояулармен жұмыс істеді, – деді ол.
Жоба менеджерінің сөзінше, шаһарда мұндай бастамалар алғашында өзгеше форматта өткен. Бұған дейін тұрғындар киім-кешек пен түрлі тұрмыстық заттарды бір-бірімен алмастыратын. Алайда әкелінген бұйымдардың кейбірі жууды, кәдеге жаратуды немесе қосымша сұрыптауды қажет еткені анықталған. Осыған байланысты кейіннен акцияның бағытын басылымдарға, өсімдіктерге және макулатураға ауыстыру туралы шешім қабылданған.


Бұл жолғы шараға қатысушылардың бірі – Мария Нагуша. Ол бастама туралы бір күн бұрын әлеуметтік желілерден хабардар болған. Қыз өзімен бірге көп мөлшерде кітап әкеліп, осындай алмасуға бұрыннан қатысқысы келгенін жеткізді.
– Маған электронды нұсқаларға қарағанда баспа кітаптар әлдеқайда ұнайды. Қолға ұстап, көзбен оқитын дүниенің өзі жағымдырақ, – деді Мария.
Оның айтуынша, шығарманы таңдағанда мазмұнымен қатар сыртқы безендірілуіне де назар аударады. Жеке топтамасында бір туындының бірнеше түрлі басылымы бар. Қазір оқырман детектив жанрына біртіндеп қызығушылық танытып жүр, ал фантастика әзірге сүйікті бағыттарының қатарында емес.

Іс-шара кітап оқуға қызығатын, сүйікті шығармаларымен бөлісіп, жаңа туындылар іздейтін тұрғындардың басын қосты. «Жасыл ел» белсенділері осындай экологиялық әрі мәдени бастамаларды алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр.