Павлодар облысында Тәуелсіздік күнінде қандай мәдени-рухани шаралар өтеді?
Театрлар, музейлер мен кітапханалар патриоттық рухты көтеретін, тарихи сананы жаңғыртатын арнайы бағдарламалар ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар 12–24 желтоқсан аралығында өтеді.
Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры 16 желтоқсанда сағат 17:00-де «Оян, қазақ… Ойлан, қазақ!» драмасын ұсынады. Сонымен қатар А.П. Чехов атындағы облыстық драма театрында 16 және 17 желтоқсан күндері сағат 18:00 және 19:00-де «Завещание потомкам» драмасының премьерасы өтеді.
13 желтоқсанда сағат 11:00-де Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Желтоқсан – тәуелсіздік бастауы» көрмесі ашылады.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі 15 желтоқсанда сағат 11:00-де «Тәуелсіздік – елімнің еркіндігі» атты көрмені ұсынады.
Н.Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет музейінде 15 желтоқсанда 12:00-де «Тәуелсіз Қазақстан шежіресі» дәрісі өтеді.
Академик Қ.И. Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі 15 желтоқсанда «Тәуелсіздік белестері» көрмесін және М.Ж.Көпеев мемориалдық музейі Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған «Тарихи тұлғаны тану» хронологиялық сюжетін өткізеді.
Ал С. Торайғыров мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен 15 желтоқсанда сағат 15:00-де «Достық. Бірлік. Тәуелсіздік» танымдық кеші болады.
П. Васильев музей-үйі 15–17 желтоқсан аралығында 10:00–17:00 уақытында «Қазақстан – байтақ елім, тәуелсіз өз елім» кітап-иллюстрациялық экспозициясын және «Қазақстан. Тәуелсіздік шежіресі» танымдық ойынын өткізеді.
24 желтоқсанда Ақсу тарихи-өлкетану музейінде «Ерлік – ұрпаққа ұран» тарихи сағаты ұйымдастырылады.
Павлодар облысы бойынша өтетін барлық мәдени іс-шаралар Тәуелсіздік күнін лайықты атап өтуге, жастардың отаншылдық рухын күшейтуге және ел тарихына деген құрметті арттыруға бағытталған.
Қалалық ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, іс-шаралардың негізгі бағыты — жады, таным, бірлік және жауапкершілік.
Бағдарлама еске алу, танымдық, ағартушылық, қайырымдылық және әлеуметтік бастамаларға негізделеді.
Облыс орталығында мына іс-шаралар жоспарлануда: гүл қою рәсімі, мемлекеттілігін біртұтас тарих туралы ағартушылық бағдарламалар, тұрғындарды біріктіретін әлеуметтік және қайырымдылық акциялары.