Павлодар облысында такси жүргізушілері мен тасымалдаушылар қатаң бақылауда
Тәртіп сақшылары облыс аумағында «Тасымалдаушы» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында 200-ден астам құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің басты назарында – жеке тұлғалардың жолаушылар мен жүкті заңсыз тасымалдауының жолын кесу және жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға бақылауды күшейту.
– Рейд барысында бір тәулік ішінде жеті жүргізуші көлік құралын мас күйінде басқарғаны анықталды. Тағы 56 жүргізуші жолаушыларды тасымалдау кезінде ұялы телефонмен сөйлескен. Кейбір тасымалдаушылар жолаушыларды тасымалдау талаптарын сақтамаған, маневр жасау қағидаларын бұзған, міндетті сақтандыру рәсімдемеген. Сондай-ақ 13 такси жүргізушісі техникалық байқаудан өтпеген автокөлікпен жолаушыларға қызмет көрсетсе, үш жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шыққан, – дейді облыстық полиция департаментіндегілер.
Мәселен, Екібастұз қаласының Қонаев көшесінде Kia Rio маркалы автокөлігі тоқтатылды. Жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шығып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Мұндай әрекет жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін еді.
Ал Баянауыл ауданында Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісі мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталды. Сондай-ақ Ақтоғай ауданында Audi автокөлігінің жүргізушісі де алкогольдік масаң күйде болған. Екі жағдайда да медициналық куәландыру қорытындысы алкоголь қолданғанын растады.
Мас күйінде көлік басқарған барлық жүргізушілер заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылып, материалдар сотқа жолданды. Автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылды.
Ведомствода құқық бұзушылықтың куәсі болған жағдайда азаматтарды «102» нөміріне хабарласуға немесе «Police 102» мобильді қосымшасын пайдалануға шақырды.
«Заң мен тәртіп» қағидаты құқықтық тәртіп пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады. Ол заң бұзушылық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғам қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.