Павлодар облысында такси жүргізушілеріне ескерту жасалды
Өңірде таксилердің қатысуымен барлығы 24 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті такси жүргізушілерінің, оның ішінде оң рөлді көліктердің кінәсінен қала жолдарында зардап шеккен адамдармен болатын жол-көлік оқиғаларының көбеюіне назар аударуда.
ҚР «Автомобиль көлігі туралы» заңының 7-бабының 4-тармағына сәйкес, таксимен тасымалдау үшiн арнаулы, оның iшiнде толықтай қолмен, рөлі оң жақтан басқарылатын автокөлiк құралдарын пайдалануға тыйым салынатынын атап өткен жөн.
Қолданыстағы шектеулерге қарамастан, жекелеген жүргізушілер заңның бұл нормасын өрескел елемей, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Мысалы, 5 тамызда «Атамекен – Курчатов» тас жолында Малайсары ауылының маңында жүргізуші «Тойота эстима» оң жақты рөлмен автокөлігін жүргізіп, басып озу кезінде «КамАЗ» автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Апат салдарынан «Тойота эстима» көлігінің жүргізушісі мен алдыңғы жолаушысы оқиға орнында көз жұмып, 5 жолаушы әртүрлі ауырлықтағы дене жарақатын алған.
Тек биылғы жылдың өзінде статистикалық мәліметтерге сүйенсек, оң рөлді көлік жүргізушілерінің кінәсінен 11 жол-көлік оқиғасы орын алып, оның салдарынан 7 адам қаза тауып, 20 адам жарақаттанған.
– Такси жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуы жиі тасымалдау арқылы мүмкіндігінше көп ақша табуға ұмтылуымен байланысты екенін ескеру қажет. Нәтижесінде жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін сақтауды, атап айтқанда қауіпсіз жүру үшін жеткілікті демалыс пен ұйқыны елемейді. Осының барлығын жолаушылар такси жүргізушісі мен өзі басқаратын көлікті таңдағанда ескеруі керек, – деді ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті облысы бойынша департаментінің бастығы Мұрат Қожамқұлов.
Павлодар облысында таксилердің қатысуымен барлығы 24 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 16 адам қаза тауып, 34 адам жарақат алған.
Сонымен қатар, көлік жүргізу кезінде шаршау және ұйықтап кету жиі ауыр апаттарға әкеліп, нәтижесінде 7 адам қаза тапты.
Осылайша, 23 қыркүйекте «Павлодар-Астана» тас жолының 147-ші шақырымында «Тойота люсида» маркалы жеңіл автокөлікті басқарған азамат ұйықтап қалып, басқа жүріп келе жатқан көлікке соқтығысқан. Осы жол-көлік оқиғасы салдарынан 5 адам оқиға орнында көз жұмды.
Жалпы, биыл Павлодар облысының аумағында 35 өлімге әкелген ЖКО тіркеліп, оның салдарынан 54 адам қаза тапқан.
ҚР БП ҚСжАЕАжК Павлодар облысы бойынша департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін, ұйқы және демалыс режимін сақтауға, ал жолаушыларды қауіпсіздік белдігін тағуға және оң рөлді таксимен жүруден бас тартуға шақырады.