Павлодар облысында тыныштықты бұзғандар жауапқа тартылды

Павлодар облысында тыныштықты бұзғандар жауапқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері мұндай құқық бұзушылық үшін 4,5 мыңнан астам адам жазаланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тұрғындардан түнгі уақытта қатты музыка, айқай-шу және жөндеу жұмыстарына қатысты шағымдар жиі түседі. Өтініштердің бір бөлігі барлар, клубтар мен кафелердің қызметіне байланысты.

Мәселен, 6 қыркүйекте сағат 00:21-де Тереңкөл ауылының тұрғыны полицияға Сұрағанов көшесіндегі кафелердің бірінде музыканың қатты ойнап тұрғаны туралы хабарлаған.

Сол түні сағат 2:00-де Павлодар қаласындағы Ломов көшесінде тұратын егде жастағы әйел де көршілеріне шағымданған.

– Менің көршілерім – жас жұбайлар. Олардың үйінде үнемі қонақ болады. Олар уақытқа қарамай, қатты музыка тыңдап, даурығып отырады. Ал мен амалсыздан шыдап жүрмін. Тыныштық сақтауды бірнеше рет сұрасам да, өтінішіме құлақ аспайды, – деді қала тұрғыны.

Полицейлер тыныштықты бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік іс жүргізуді бастап, отбасы мүшелерімен профилактикалық әңгіме өткізді.

Жыл басынан бері Павлодар облысында тыныштықты бұзғаны үшін 4567 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Полиция жұмыс күндері сағат 22:00-ден 9:00-ге дейін тыныштықты бұзуға жол берілмейтінін еске салды. Тұрғын үйлерде орналасқан ойын-сауық орындары үшін демалыс және мереке күндері бұл талап сағат 23:00-ден 10:00-ге дейін қолданылады.