Павлодар облысында туберкулездің алдын алу айлығы басталды

Айлық аясында тұрғындар мамандардан кеңес алып, тегін медициналық тексеруден өте алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында өңірде туберкулездің алғашқы белгілері, медициналық көмекке уақтылы жүгіну маңыздылығы және аурудың алдын алу шаралары туралы халықтың хабардарлығын арттыруға бағытталған айлық өтеді.
– Акция аясында облыстық фтизиопульмонология орталығында кез келген тұрғын заманауи қондырғылардың көмегімен мамандардан тегін кеңес алып, медициналық тексеруден өте алады, – деді департаменттің баспасөз қызметі.
Туберкулез – өкпе, тері, сүйек және басқа да мүшелерге әсер ететін, ауыр асқынулар мен өлім-жітімге әкелуі мүмкін жұқпалы ауру. Инфекцияның негізгі көзі – туберкулездің ашық түрімен ауыратын науқастар мен кейбір ауылшаруашылық жануарлары.
– Статистикаға сүйенсек, 2024 жылы облыста туберкулезбен сырқаттану деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 0,5%-ға төмендеген. Өткен жылы жаңадан 296 науқас анықталған (2023 жылы – 297), ал 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 39,2-ні құрады (2023 жылы – 39,4), – делінген хабарламада.
Мамандар туберкулездің емделетінін және оны уақтылы анықтау мен дұрыс ем алу арқылы жеңуге болатынын еске салады.