Павлодар облысында жүк көліктеріне қойылатын талап күшейеді
Өңірде көлік заңнамасының сақталуын бақылауды күшейту және жолдардағы талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл мәселе ҚР Көлік министрлігі көліктік бақылау комитетінің төрағасы Дастан Жұмақұловтың облысқа жұмыс сапары барысында қаралды. Ол облыстық көліктік бақылау инспекциясының ұжымымен кездесіп, биылғы 10 айдағы жұмыс нәтижелерін саралады.
Кездесуде көлік бақылауын тиімді жүргізу және заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша алдағы міндеттер айтылды. Әсіресе, жүк көліктерінің рұқсат етілген салмақ талаптарын бұзуы, қажетті рұқсат құжаттарының болмауы және ақылы жолдармен жүргені үшін төлемді уақытында төлемеу жағдайларын анықтауға назар аударылды.
Сонымен қатар, кәсіпкерлердің қызметін бақылау кезінде профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігі сөз болды. Яғни, заң бұзушылықты анықтап, жаза қолданумен қатар, кәсіпкерлерге талаптарды түсіндіруге және олардың алдын алуға басымдық беру керектігі атап өтілді.
Жұмыс сапары кезінде комитет төрағасы «Омбы – Павлодар – Майқапшағай» автожолындағы жылжымалы көліктік бақылау бекетіне барып, мамандардың жұмысымен танысты.
Инспекцияның мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Павлодар облысында 3 383 көлік құралы тексерілген. Тексеру нәтижесінде көлік заңнамасы талаптарын бұзу бойынша 1057 әкімшілік материал рәсімделген.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, өңірдегі көлік құралдарына бақылау жүргізу және жол қозғалысы мен тасымалдау талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғаса бермек.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында автокөлік саны жыл сайын артып келеді. Алайда олардың жартысына жуығының пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан. Ескі көліктердің техникалық жағдайы мен экологиялық талаптарға сәйкестігі маңызды. Себебі пайдаланылу мерзімі ұзақ көліктерден бөлінетін зиянды қалдықтар қоршаған ортаға кері әсер етуі мүмкін.
