Павлодар облысында жоғалып кеткен бес жасар қыз дін аман табылды

Павлодар облысында жоғалып кеткен бес жасар қыз дін аман табылды
ЖИ иллюстрациялық суреті

Оны ата-анасы бар болғаны санаулы минутқа машинаға қалдырып кеткен,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шарбақты ауданының полициясына алаңдатарлық қоңырау түсті. Әйел серуендеу кезінде өзінің 5 жасар қызының жоғалып кеткенін хабарлады. Полицияның жеке құрамы «Дабыл» белгісі бойынша дереу көтеріліп, іздеу жұмыстары басталды. Баланың белгілері туралы бағдарлама барлық аумақтық бөлімшелерге жіберілді.

– Біз қызымызды көлікте бар болғаны бес минутқа қалдырдық. Алайда қайта оралғанымызда, оның көлікте жоқ екенін көрдік. Бір сағаттай өзіміз іздедік, бірақ нәтиже болмады. Содан кейін 102 нөміріне хабарластым. Бірден полиция қызметкерлері Нұрлан Ширажиден, Мұхамед Цуров және Мирамгүл Тоқпаева келді, - дейді қыздың  анасы Жұлдыз Хуанай. 

Тәртіп сақшыларының жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында жоғалған қызды 15 минуттың ішінде тауып берген. Оның дүкендерді аралап жүргені анықталды. 

– Қызымды табуға көмектескен полиция қызметкерлеріне шексіз ризамын. Мен қызымды қайтадан құшағыма алдым! Мұндай сәтте ата-ана үшін әр минут мәңгілік секілді көрінеді. Еңбектеріңіз бен көмектеріңіз үшін рақмет, – дейді ол.

Тәртіп сақшылары ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау және олардың қауіпсіздігіне аса жауапкершілікпен қарау қажеттігін еске салады. Бала жоғалған жағдайда дереу полицияға хабарласу қажет.