Павлодар облысында жол бойынша жүзден астам жоба жүзеге асырылды

Павлодар облысында жол бойынша жүзден астам жоба жүзеге асырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тізімге жол жабынын қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары кірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында мәлімдеді.

– Биыл облыста жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін қайта жаңарту және жөндеу бойынша 121 жоба іске асырылды, – деп хабарлады ведомствода. – Олардың жалпы ұзындығы 448 шақырымнан асты, жобалардың жалпы құны 27 миллиард теңгеден асады.

Облыстық маңызы бар жолдардың жабынын орташа жөндеуден өткізуге арналған тоғыз жоба (96,2 км) 5 миллиард теңгеге түсті.

Облыстық маңызы бар Ақтоғай – Шолақсор автожолының соңғы 30 шақырымы қиыршық тасты жабыннан асфальтбетон жабынына ауыстырылды, – деп бөлісті мемлекеттік органда. – Сонымен қатар Майқайың – Екібастұз автожолын орташа жөндеуге арналған екі жылдық жобаны іске асыру басталды.

Сондай-ақ Железинка – Веселая Роща – Мыңкөл автожолының 65,87–80,87 км аралығындағы учаскесінде қиыршық тас асфальтқа ауыстырылды.

Аудандық маңызы бар жолдарға келсек, биыл Амангелді ауылына кіреберіс жолдың 15 шақырымы қайта жаңартылды.

– Аудандық маңызы бар жолдарды қайта жаңарту және жөндеу бойынша ұзындығы 152,9 шақырымды құрайтын 32 жоба іске асырылды, олардың жалпы құны 9,7 миллиард теңге, – деп толықтырды басқармада.

Жөндеу жұмыстары елді мекендердің көшелерін де қамтыды: шамамен 200 шақырым, яғни 80 жоба жүзеге асырылып, оған 13 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды.

– 2025 жылға жоспарланған жол жөндеу жұмыстарының көлемі толықтай аяқталды, – деп сендірді ведомствода.

Өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 5 515 шақырымды құрайды, оның ішінде облыстық маңызы бар жолдар – 3 852 шақырым.