Павлодар облысында жол-көлік оқиғалары артты

Павлодар облысында жол-көлік оқиғалары артты
Фото: Константин Шелков

ЖКО саны 106 пайызға өсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті адамдардың өліміне немесе жарақат алуына әкеп соққан жол-көлік оқиғаларына талдау жүргізді.

Ведомствоның мәліметінше, биылғы жылдың бес айында ғана 335 жазатайым оқиға тіркелген. Оның ішінде 424 жағдайда адам әртүрлі ауырлықтағы дене жарақатын алса, 20-сы қайтыс болды.

Өткен жылдың осы кезеңінде 162 ЖКО орын алды, 221 адам зардап шегіп, 24 адам қаза тапқан. Жалпы облыс бойынша жол-көлік апаттары 106 пайызға өскен.

Жолдағы ең көп апат Павлодарда тіркелді. 2024 жылы 224 оқиға орын алды, бұл облыс бойынша жалпы санының жартысынан астамын құрайды.

– Оның үстіне биылғы жылы зардап шеккен 424 адамның 87-сі – кәмелетке толмағандар, яғни әрбір бесінші бала ЖКО еріксіз қатысушысына айналады. Ең көбі жаяу жүргіншілермен соқтығысуы - 124 жағдай. Ал бүйірлік соқтығысқа қатысты 64 факті бар, - деп түсіндірді аға прокурор Шолпан Әбенова.  – Бұл жол апатына жүргізушілердің де, жаяу жүргіншілердің де кінәлі екенін түсіндіреді. 

Жылдан-жылға жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері жол қозғалысы ережелерін сақтамау болып қалуда.

Айта кетерлігі, ЖКО туралы ақпаратты qamqor.gov.kz порталының «Апат картасы» бөлімінде https//gis.kgp.kz сілтемесі арқылы көруге болады.