Павлодар облысында жол трассасы алғаш рет инновациялық әдіспен жөнделуде

Павлодар облысында жол трассасы алғаш рет инновациялық әдіспен жөнделуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл тәсіл жол жабынын пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, «Астана-Павлодар» автожолының 1343 шақырымында, Пограничник кенті аумағында инновациялық инъекциялық әдісін қолдана отырып, цементбетон жабынының шөгуін жою жұмыстары басталды.

Павлодар облысында алғаш рет республикалық маңызы бар жолда қолданыстағы жабынды бөлшектемей жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін технология қолданылуда. Инъекциялық әдістің мәні плиталардың астындағы бос орындарды арнайы материалдармен толтыру, нәтижесінде шөккен жерлер көтеріліп, тегістеледі.

Жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізіледі: алдымен Астана бағытындағы қозғалыс жолағында, содан кейін Павлодар бағытында. Бұл тәсіл жол пайдаланушылар үшін қолайсыздықты азайтуға және қозғалысты тоқтатпауға мүмкіндік береді.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жөндеу орнында барлық қажетті жол белгілері мен қоршаулар орнатылды.

Жол құрылысы саласында жоғары технологиялық шешімдерді қолдана отырып, жөндеу тиімділігін арттыруға болады. Сондай-ақ жабынның қызмет ету мерзімін ұзартуға және жол қозғалысына қатысушылар үшін неғұрлым қолайлы әрі қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.