Павлодар облысында қырағы камералар арқасында қоғамдық тәртіп реттелуде

Павлодар облысында қырағы камералар арқасында қоғамдық тәртіп реттелуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Барлық кінәлі тұлғалар заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жыл басынан бері көше бейнекамераларының көмегімен үш мыңнан астам  құқық бұзушылық және 25 қылмыс анықталды. 

Сондай-ақ, қаңтарда «Заң және тәртіп» сервисі арқылы азаматтардан барлығы 33 өтініш тіркелді. Оның ішінде 18-і жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері, ал 15-і қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері бойынша.

– Күн сайын бейнебақылау камераларының қырағы назарының арқасында қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу, жол қозғалысы ережелерін бұзу, сондай-ақ ұсақ бұзақылық фактілері тіркелуде, – деді облыстық полиция департаменті.

Мәселен, Павлодар қаласында бейнекамералар қоқыс жәшігінен тыс жерге темекі тұқылын тастаған ер адамды анықтады. Аталған дерек бойынша ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Полиция еске салады: ұсақ бұзақылық – бұл қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, қоғамға ашық түрде құрметсіздік танытатын қасақана әрекеттер. Мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесу анағұрлым ауыр қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, күн сайын бейнебақылау камераларының объективіне айналасындағыларға ғана емес, өзіне де қауіп төндіретін мас күйдегі азаматтар да түсіп жатады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қоғамдық орындарда мас күйде жүру және спирттік ішімдіктер ішу әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады.

Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді қатысуға шақырады. Мас күйдегі адамдар жарақат алуы немесе қылмыс құрбанына айналуы мүмкін. Егер сіз қоғамдық тәртіптің бұзылуына куә болсаңыз, бұл туралы «102» нөміріне, «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы немесе @dp_pavlodar Instagram директіне хабарлауды сұраймыз.