Павлодарда мемлекеттік қызметшілер арасында қазақ тілін үйренгендер саны артқан

Павлодарда мемлекеттік қызметшілер арасында қазақ тілін үйренгендер саны артқан

Олар өз жұмысына керек сөздерді меңгереді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жыл сайын еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірімізде барлық санаттағы азамат қазақ тілін тегін үйрене алады. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастыруымен «Қазақ тілі» курсы жобасы іске асырылады.

Курсқа түрлі мекеме қызметкерлері қатысады. Хабарландырудан оқып-білген қала тұрғындары да жазылады. Барлығын қосқанда 400-ге жуық адам тіркеліп, сабақ күндізгі және кешкі уақыттарда онлайн және оффлайн форматында өтеді.

Курстың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін арттыру, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету және қызметкерлерді күнделікті өмірде қазақ тілін қолдануға ынталандыру.

–   Тіл үйренуге келгендерді қазақ тілін үйренуге ынталандыру мен бірге күнделікті өмірде сөйлеуді әдетке айналдыруға тырысамыз. Мемлекеттік қызметшілер арасында қазақ тілін үйренгендер саны артқаны байқалады, – дейді облыстық «Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кинжикова.

Оның айтуынша, орталықта сот мамандарын, прокуратура, құқық қорғау органдары мен басқармалардың қызметкерлерін мемлекеттік тілге үйрету үшін арнайы жеке үйірме құрылған. Судьялар аудармашыларды жалдамай, тілдік дағдыларын өздері жетілдіруі керек, өйткені олар қылмыстық іс жүргізу құқығын жақсы біледі.

Сонымен қатар, оқу кезінде тыңдаушылар өз қызметіне қатысты қажет сөздерді меңгереді. Сабақ тек кабинеттерде ғана емес, Ертіс өзенінің жағалауында, көркем табиғат қойнауында самаурынмен шай қайнатылып, бауырсақ пісіріліп, қазақ тілінде неше түрлі қызықты ойындар ойнатылады. Тіл білуге ниет танытқан қала тұрғындарына қазақтың тілімен қатар салт-дәстүрі де көрсетіледі.

–   Біз сабақ өтуге арнайы әдістемелік жоба дайындаймыз. Сабақты өту барысында үйренушілерді сауда сарайларына ертіп барып, сатушылармен қазақ тілінде сөйлестіреміз. Күнделікті өмірде қазақ тілін көп қолданған кезде тіл жаттығады, – дейді ол.

Тіл маманы сабақ жоспарын екі топқа бөліп дайындайды. Бір топ тек өзге ұлт өкілдеріне арналады. Ал екіншісі қазақ тілін білмейтін қазақтарға арналады.

Курсқа қатысушылар қазақ тілі курстарынан өткенін растайтын сертификаттар алады.

Естеріңізге сала кетейік, өңірімізде қазақ тілін үйруге құштар жандар Желтоқсан көшесі, 129 ғимарат 17-кабинетке жүгіне алады. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасымен хабарласып жазылуға болады.