Ақсуда ақбөкеннің мүйізімен айналысқан тұрғын бас бостандығынан айырылды
Өңірде былтырғы жылы ақбөкеннің мүйізімен айналысқан екі жағдай тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мекемесінің басшысы Руслан Түлепбаев мәлім етті.
– 2019 жылдан бері киіктерді заңсыз аулау фактілері тіркелмеді. Бірақ былтырғы жылы ақбөкеннің мүйізімен айналысқан екі факт анықталды. Біріншісі, Баянауыл ауданында қыстақта 55 ақбөкеннің мүйізі табылса, екіншісі Ақсу қаласында 800-ге жуық ақбөкеннің мүйізі табылды. Бұл екі іс бойынша қазіргі таңда қылмыстық тергеу амалдары жүргізілуде. Баянауылдағы факт бойынша іс сотта қаралуда. Ал, Ақсуда тіркелген қылмыс бойынша ұсталған азаматты жеті жылға бас бостандығынан айырып, екі миллиард теңге залалды өңдіру шешімі қабылданды, – деді Руслан Түлепбаев.
Павлодар облысында көбінесе ақбөкендер Май және Баянауыл аудандарында мекендейді. Осы жылдың сәуір айында өңір аумағында киіктердің санына авиа санақ жүргізілді. Жануарлардың болжалды саны 20 мыңды құрайды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда бес есеге өскен.
Айта кетерлігі, 2024 жылдың 15 сәуірі мен 15 мамыры аралығында Қазақстанда «Киік» табиғатты қорғау акциясы кең көлемде өтуде. Акция кезінде жабайы тұяқты жануарлар мен киіктердің шоғырланатын және төлдейдін орындарында олардың жағдайына мониторинг жүргізу, табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, заңсыз аң аулаумен күрес әрі сирек кездесетін және жойылу қаупі бар тұяқты жануарлардың орналасқан жеріндегі шекаралас елді мекендерде киіктерді сақтау бойынша түсіндірме және үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.
– Киіктердің мүйіздері мен етін сатып алу туралы хабарландыруларды анықтау үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізіледі, – деді спикер. – Ақбөкен аңшылық жануарлар түріне жатқанымен қазіргі таңда оны аулауға толық тыйым салынған. Оны заңсыз аулағаны үшін тағылатын айып қызыл кітапқа енген жануарларды аулаудағы жазамен бірдей болады.
Ақбөкенді заңсыз ауланғаны үшін соның ішінде аталылығына 1,8 миллион, аналығына 1,3 миллион теңге мөлшерінде келтірілген залалды өтеумен қоса, алты мың АЕК айыппұл салынып, үш жылдан он жылға дейін мерзімде бас бостандығынан шектеуге дейін жаза қарастырылған.