Асайын Байханов: Аса сақ және абай болуды сұраймын
Облыс әкімі өзінің тек үш ресми парақшасы бар екенін еске салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Олар: @Instagram желісінде – @asaiyn.baikhan, Facebook желісінде – Асайын Байхан, telegram арнасында – https://t.me/AsaiynBaikhan.
Аймақ басшысының айтуынша, соңғы күндері өзінің және бірнеше мемлекеттік органдардың басшыларының атынан әлеуметтік желілерде парақшалар ашылып, қарамағымдағы бірқатар қызметкерлерге және басқа да адамдарға хабарламалар жіберілген.
– Мен сіздерден телефон арқылы хат алмасуда және қоңырауларға жауап бергенде сақтық танытып, абай болуды сұраймын. Өкінішке орай, алаяқтық схемалар жетілдірілуде және кез келген адамның олардың арбауына түсіп қалуы әбден мүмкін. Менің атымнан менің фотосуретім бар нөмірден қоңырау немесе хабарлама алсаңыз, алайда, нөмір жасырылған болса, онда бұл – алаяқтар. Сіздерден аса сақ болуды және абай болуды сұраймын, – дейді Асайын Байханов.
Сондай-ақ, ол WhatsApp және Telegram мессенджерлеріндегі барлық хабарламаларды өз нөмірінен, жасырмай жіберетінін атап өтті.