Павлодар облысында әлеуметтік желі арқылы отшашу сатқандар ұсталды
Рейдтер барысында барлық сертификатталмаған өнімдер тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде төрт күн ішінде пиротехникалық заттарды заңсыз сатудың 12 фактісі анықталды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Азамат Исеев мәлім етті.
– Полицейлер 117 дана отшашу, фейерверктер, петардалар және 95 қорап тәркіледі. ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша (Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау) 12 әкімшілік іс қозғалған болатын. Сертификатталмаған пиротехникалық заттарды сатқан кәсіпкерлердің жартысы әлеуметтік желі арқылы табылды. Былтыр әлеуметтік желі арқылы ондай бұзушылықтар аса көп тіркелмеді, – деді Азамат Исеев.
Заң бойынша олар 25 АЕК мөлшеріндегі айыппұл төлеу тиіс. Төрт күн ішінде жалпы 1 миллион 36 мың теңгеге айыппұл салынды.
Павлодар облысында қызметтің осы түріне тиісті лицензиялары бар заңды түрде тіркелген екі кәсіпкер бар: «Огни Казахстана» ЖШС және «Стик-Павлодар» ЖШС.