Павлодар облысында өрт қаупі жоғары аймақтар ерекше бақылауда
Олардың қатарында Шарбақты ауданының орман алқаптары, Аққулы ауданы, Ертіс өзені жайылмасы, сондай-ақ Баянауыл ауданы мен Баянауыл ұлттық табиғи паркінің аумағы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жаз мезгілінің келуімен бірге табиғи өрт қаупінің арта түскенін айтып, дабыл қағуда. Аптап ыстық, құрғақшылық пен қатты жел өрттің тез таралуына қолайлы жағдай қалыптастырады. Алайда мамандардың айтуынша, табиғи өрттердің басым бөлігі ауа райынан емес, адамдардың абайсыздығынан туындайды.
Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Берік Омаровтың айтуынша, өңірде өрт қаупі жоғары аумақтар ерекше бақылауға алынған. Олардың қатарында Шарбақты ауданының орман алқаптары, Аққулы ауданы, Ертіс өзені жайылмасы, сондай-ақ Баянауыл ауданы мен Баянауыл ұлттық табиғи паркінің аумағы бар. Бұл өңірлерде орман қоры мол, құрғақ шөп пен жанғыш материалдардың көп жиналуы өрттің тез таралуына себеп болады.
– Биылғы өрт қауіпті маусымының басты ерекшелігі – аптап ыстықтың ерте басталуы. Кей күндері ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріліп, желдің екпіні секундына 20 метрге жетеді. Мұндай жағдайда кішкентай ғана өрт ошағы санаулы минут ішінде үлкен аумақты шарпып кетуі мүмкін. Сонымен қатар, көктемнен бері табиғи аумақтарда құрғақ өсімдіктердің көп сақталуы да қауіп деңгейін арттырып отыр, - деді Берік Омаров.
Мамандардың жүргізген талдауы өрттің негізгі себебі адам факторы екенін көрсетеді. Яғни, тұрғындардың ұқсат етілмеген жерде от жағу, темекі тұқылын тастау, құрғақ шөпті өртеу, демалыс орындарында алауды толық сөндірмеу секілді қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауы ірі өрттерге әкелуі мүмкін. Әсіресе көктем мен күзде шаруашылық иелерінің шөп пен қоқысты өртеп тазалауы өрттің дала мен орман алқаптарына таралуына себеп болып отыр.
Өрттің алдын алу мақсатында облыста кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Барлық аудан мен қалада төтенше жағдайлар қызметі, полиция, жергілікті атқарушы органдар және еріктілерден құралған мобильді топтар жұмыс істейді. Олар өрт қаупі жоғары аумақтарды аралап, рейдтер ұйымдастырып, қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылайды. Заң талаптарын бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейтілген. Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында, ауылдық округтерде, саяжайлар мен шаруа қожалықтарында өрт қауіпсіздігі ережелері кеңінен насихатталуда.
– Қазіргі таңда өртті ерте анықтауда заманауи технологиялардың мүмкіндігі кеңінен қолданылуда. Өңірдегі орман алқаптарында бейнебақылау камералары орнатылып, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен ғарыштық мониторинг жүйелері пайдаланылуда. Камералар арқылы түтін немесе өрт белгілері анықталған жағдайда ақпарат бірден мамандарға жеткізіліп, жедел әрекет етуге мүмкіндік жасалады. Ал дрондар жетуі қиын аумақтарды бақылауға тиімді құрал ретінде қолданылып келеді, - деді басқарма басшысы.
Берік Омаров саяжайлар мен демалыс орындарында өрт шығу қаупі әлі де жоғары екенін атап өтті. Көп жағдайда адамдар қоқыс жағып, құрғақ шөпті өртейді немесе желдің бағытын ескермейді. Кейбір тұрғындардың алғашқы өрт сөндіру құралдарын дайындамауы да қауіпті күшейтеді.
Табиғи өрттің алдын алудың ең тиімді жолы – қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау. Орманда және табиғат аясында отты қараусыз қалдырмау, темекі тұқылын тастамау, құрғақ шөп пен қоқысты рұқсатсыз өртемеу – әр азамат орындауға тиіс міндет. Себебі бір ғана ұшқынның өзі мыңдаған гектар орманды жалмап, табиғатқа орны толмас зиян келтіруі мүмкін.
Табиғатты қорғау – тек мемлекеттік органдардың емес, барша қоғамның ортақ ісі екенін естен шығармаған абзал.