Павлодарда анасын балағаттаған ер адам ескерту алды
Сондай-ақ оған алты ай мерзімге ерекше талап қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, зейнеткер үйде мас күйінде болған ұлына қатысты шаралар қабылдау туралы өтінішпен жүгінген.
– Ұлы жанжал шығарып, балағат сөздер айтқан. Ер адам отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңсыз әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Материал сотқа жіберілді, жанжалқор кінәлі деп танылып, ескерту түрінде жаза алды, – деді полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Тәртіп сақшылары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Тиімді шаралардың бірі – қорғаныс ұйғарымын шығару.
Өңірде отбасылық жанжалқорларға қатысты 1288 қорғау ұйғарымы жазылды. Жыл басынан бері 231 адамға қатысты полиция қызметкерлері ерекше талаптар қойды.
Айта кету керек, бұл адамдар профилактикалық есепке қойылады және оларға профилактикалық бақылау жүзеге асырылады.