Павлодар облысында өңірлік Жол картасы аясында қандай жобалар іске асты?

Облыс әкімі Асайын Байханов «AMANAT» партиясы жанындағы партиялық бақылау комитетінің отырысына қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Отырыста халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған іс-шараларды қамтитын сайлауалды өңірлік Жол картасын іске асыру талқыланды.
Павлодар облысында жалпы өңірлік пулға 7,5 трлн теңге сомасына 102 басым жоба енгізілді. Өңір басшысы бұл жобаларды іске асыру: 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға және экономиканың 6% өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Өңірлерді барынша дамыту – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты ұстанымы. Павлодар облысы бұл бағытта белсенді және жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бүгінде өңірдің барлық негізгі көрсеткіштері оң динамиканы көрсетуде, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ұлттық жобаларды іске асыруға үлкен көңіл бөлінуде.
Осы аптада облыста 4 жаңа мектеп ашылады: Павлодар қаласының «Достық» шағын ауданында 1200 орындық «Жайлы мектеп», сондай-ақ Тілектес, Бірлік және Бұланбай ауылдарында.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 30 медициналық нысан салынды. Оның ішінде бір ғана нысанда, Железин ауданы Мыңкөл ауылындағы медициналық пунктте мәселе туындады. Қазіргі уақытта мердігер ұйым ауыстырылып, жұмыстар ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады деп күтілуде.
Биыл 590 км автожол жөнделді, бұл жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 96%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Келесі жылы ауылдардың барлық кіреберіс жолдарын жөндеуді аяқтау жоспарлануда.
Өңірдегі басым бағыттардың бірі инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту болып қала береді: соңғы үш жылда жылумен жабдықтау жүйесіне 163 млрд теңге инвестиция салынып, 87 бірлік жабдық жөнделді, 185 км жылу желілері қайта жаңартылды.
Сонымен қатар, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін ауыл тұрғындары 100% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілетін болады.
Жоғары көрсеткіштерге қарамастан, бірқатар түйінді жобалар қалып отыр: Павлодар мен Екібастұз қалаларында екі өрт сөндіру депосын салу - ҚР ТЖМ-мен келісімнің болмауына байланысты мерзімдері шегерілді, Кемеңгер және Ақжол ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы - жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізу талап етіліп, Кемеңгер ауылында 2026 жылы және Ақжол ауылында 2025 жылдың соңында пайдалануға берілетін болады.
Асайын Байханов өңірде экономикалық құрылымның біртіндеп трансформациясы жүріп жатқанын атап өтті: Павлодар облысы индустриалды облыстан индустриалды-аграрлық салаға айналуда. Ауыл шаруашылығында егіс алқаптарын әртараптандыру жүргізілуде.
– Бұл шаралардың барлығы – Павлодар облысы тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған. «AMANAT» партиясының Жол картасының орындалуы менің жеке бақылауымда, – деп түйіндеді Асайын Байханов.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко бірлескен күш-жігердің арқасында нәтижелерге қол жеткізуге болатынын, ал мәселелер биліктің назарында екенін атап өтті.
– Ауыл тұрғындары өтініштерінің жерде қалмайтынын көріп отыр. 2025 жылғы бюджетте біздің бастамамыз бойынша аудандардағы әлеуметтік нысандар мен жолдарды жөндеуге 8 миллиард теңге қарастырылды. Бұл билік пен депутаттық корпустың өзара іс-қимылының нақты нәтижесі, – деп атап өтті Илья Теренченко.
Жол картасын іске асырудың тиімділігі қоғамдық мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін және нысандардағы жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ететін партиялық бақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі.