Павлодар облысындағы ауылдардың бірінде дұрыс салынбаған жол жөнделуде
Ауылдың ішіндегі трасса нормаға сәйкес келмейді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық жол активтерінің сапасы жөніндегі орталықтың мәліметінше, Шарбақты ауданы Хмельницкий ауылының жөнделіп жатқан көшесінде бұрын анықталған ақаулар жойыла бастады. Бұл күндері асфальттың жаңа қабатын төсеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мердігер ұйым заманауи жол техникасын сатып алған.
– Көшелерге салынған асфальттардың ені мен ұзындығын өлшеп, тексеру жүргіздік. Абай көшесіндегі жолдың нормаға сәйкес келмейтіні анықталды, – дейді маман Мейрамбек Ниязов.
Сондай-ақ, жөндеу орындарында жалпы ауданы 2000 шаршы метр асфальт-бетон қоспасы көлемінде битумның ірілі-ұсақты түйіршіктері анықталды. Жол жабындысында жарықтар мен шұңқырлар түрінде олқылықтар тіркелді. Қазіргі таңда барлық кемшіліктер жойылуда. Мамандар жағдайды бақылауды ұстайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін орталық мамандары Хмельницкий ауылындағы кентішілік көшені жөндеу жұмыстарын тексеру кезінде бұзушылықтарды анықтаған болатын. Ауыл тұрғындары да асфальт төсемінің сапасына наразы болып, бұл жағдай қоғамдық наразылық тудырған.
Айта кетерлігі, ауылдың ішіне жол салуға 80 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген болатын. Алайда мердігер 70 миллион теңгеге жол салуға болатынын айтып, жобаны ұтып алған.