Павлодар облысының өнерпаздары «Мың бала» жобасының жеңімпазы атанды
Олар республика деңгейінде мәнерлеп оқу мен музыкалық шығармаларын орындау, аспаптарда ойнаудан бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Астана қаласында Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.
– «Өнерлі өрге жүзер» байқауында Баянауыл ауылының Шапық Шөкин жалпы орта білім беру мектебінің 8-сынып оқушысы Александр Тарасенко және «Жарқыра, жас дарын!» байқауы бойынша Успен ауданының Константинов жалпы орта білім беру мектебінің 9-сынып оқушысы Зарина Эргашбекова жеңіске жетті,– деді облыстық білім беру басқармасында.
Аталмыш жоба ел этностарының мемлекеттік тілді меңгеруге ынта-ықылас танытқан жас жеткіншектерді іріктеп, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
«Мың бала» жобасына 320 мыңнан аса бала қатысты. Іс-шара өскелең ұрпақты, оның ішінде этнос өкілдерінің жас жеткіншектерін, мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру арқылы олардың арасында қазақстандық бірегейлікті дамытуға бағытталған.
Жоба аясында қатысушылар қазақ ақындары мен мәдениет қайраткерлерінің өлеңдерін мәнерлеп оқу және музыкалық шығармаларын орындау, сондай-ақ өздері шығарған өлеңдерді оқыған.