Павлодар облысының аудандарында қазандықтар ауқымды жөндеуден өтті
Жөндеу жұмыстары техникалық аудит қорытындысы бойынша жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен жылыту маусымында бірнеше аудан тұрғындары үйлердің жеткілікті жылынбауына байланысты шағымданған. Сонымен қатар бірқатар нысанда жабдықтардың пайдалану мерзімі аяқталып, жылумен жабдықтау жүйелерін жаңарту қажеттілігі туындады.
Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Күлбаршын Арынованың айтуынша, биыл 58 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіліп, шамамен 100 қазан ауыстырылды. Тағы 418 қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстары орындалды.
– Биыл Железин ауылында жылумен жабдықтау жүйесіне техникалық аудит жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша № 2 және № 4 қазандықтар жөнделіп, барлық су жылыту қазандықтары ауыстырылды. Сондай-ақ бір шақырымнан астам жылу желісі жаңартылды. Тереңкөл және Ақтоғай аудандарында жаңа блок-модульдік қазандықтар орнатылды. Қазір нысандар қуаттылығы жоғары заманауи жабдықтармен жұмыс істеп тұр, – деді Күлбаршын Арынова.
Бұған дейін Тереңкөл ауылындағы қазандықтың қуаты 4,4 МВт болатын блок-модульдік қазандық жаңғыртылды. Ал Успен ауылында да автономды және технологиялық жылумен жабдықтау үшін блок-модульдік және электр қазандықтары қолданылады.
Павлодар облысында жылыту маусымы 14 қыркүйекте басталды. Алдымен әлеуметтік нысандарға жылу кезең-кезеңімен беріліп, алғаш рет жеке тұрғын үй секторындағы нысандар да қосылды. 28 қыркүйектен бастап көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беріле бастады.
Павлодар облысы Қазақстанда жылыту маусымын жыл сайын алғашқылардың бірі болып бастайды. Бұл тәсіл тұрақты суық түскенге дейін жылумен жабдықтау жүйелерінің жұмысын тексеріп, қажетті реттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.