Павлодар облысының ауыл мектептерінде республикалық олимпиада алғаш рет өтуде

Павлодар облысының ауыл мектептерінде республикалық олимпиада алғаш рет өтуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Пәндік олимпиадаға 2313 оқушы қатысып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тікелей тапсырмасы бойынша 2023 жылғы 20 қарашада алғаш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың бірінші кезеңі басталды. Оған еліміздің шалғай аудандарынан 9-11 сынып оқушылары қатысуда.

Облыс бойынша ауыл мектептеріндегі оқушыларға арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға тіркелген оқушылар саны–2313. Бастапқы кезеңге қатысу үшін оқушылар аuyl.daryn.kz сайтында тіркелген болатын.

– Ауыл мектептеріне арналған олимпиада Қазақстанның шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балаларды анықтауға және дамытуға бағытталған. Өткізу қағидаларына сәйкес олимпиада 13 пән бойынша өткізіледі және 3 кезеңнен тұрады,– деді облыстық білім беру басқармасында. 

Олимпиада «бір компьютер – бір оқушы – бір камера» қағидаты бойынша өткізіледі. Тапсырмалар дәстүрлі олимпиадалық тапсырмалар түрінде онлайн-платформада беріледі. Ал ІІ кезең (облыстық) желтоқсан айында болады деп жоспарланған. 

Олимпиаданың III кезеңіне ІІ кезеңнің жеңімпаздары қатысады: жаратылыстану-математикалық бағыт пәндері бойынша 9-11 сынып оқушылары және қоғамдық-гуманитарлық бағыт пәндері бойынша 10-11 сынып оқушылары. III республикалық кезеңнің барлық қатысушылары республикалық сырттай мектепке қабылданады. I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысатын болады. 

Атап өтейік, олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 20 қараша күні еліміздің барлық ауыл мектептерінде бір мезгілде өткізілді.