Павлодар облысының ауылдық жерлерінде спорт инфрақұрылымы қалай дамуда?

Павлодар облысының ауылдық жерлерінде спорт инфрақұрылымы қалай дамуда?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бүгінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қарамағында 32 спорт мекемесі жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavldarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова денсаулығы мықты ұлтты бұқаралық спортты дамытпай қалыптастыру мүмкін емес екенін алға тартты. 

– Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне 36 басым спорт түрін бекітуге ұсыныс берілді. Оның ішінде: 13 жазғы олимпиадалық, төрт қысқы олимпиадалық, бір паралимпиадалық, екі паралимпиадалық емес, бес сурдолимпиадалық және 11 ұлттық спорт түрі бар, – деді ол. 

Аймақ спортшыларының жетістіктерге жетуі үшін заманауи талаптарға сай материалдық-техникалық база маңызды рөл атқарады. Бүгінде облыста 2200-ден астам спорттық нысан бар. Қаламен қатар ауылдық аумақтарда да спорт инфрақұрылымын дамытуға қолдау көрсетіліп отыр.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында жеті нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде Ақсу қаласындағы мұз аренасы және Успен, Қараоба, Қарақала, Шалдай, Хмельницкое, Баянауыл ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бар. 

–  Сондай-ақ қазір ауылдық жерлерде жеті жаңа дене-шынықтыру сауықтыру кешені салынуда. Олар Май ауданындағы Қаратерек, Павлодар ауданындағы Кемеңгер, Ақсу қаласына қарасты Үштерек, Тереңкөл ауданындағы Песчаное, Екібастұз қаласының ауылдық аймағындағы Бәйет пен Қоянды және Баянауыл ауданындағы Жаңатілек ауылдарында орналасқан. Бұдан бөлек, үш жүзу бассейнінің құрылысы жүріп жатыр, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұған дейін Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын спорт түрлерінің санын 180-нен 40-қа дейін қысқартатынын хабарлаған еді. Оның ішінде акробатика да бар, ол бұқаралық спорт санатына ауыстырылып, минималды деңгейде қаржылануы мүмкін. Дегенмен, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, өңірдегі акробатика мектебі өз жұмысын жалғастырады. Алдағы жылы көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталып, онда акробатикаға да жеке зал қарастырылмақ.

Айта кетейік, биыл Павлодарда алты елдің спортшылары қатысқан «Иртышские зори» халықаралық турнирі өтті. Ал 2026 жылғы Азия ойындары бағдарламасына акробатика көрсетілімдік спорт түрі ретінде енгізілуі мүмкін. Басқарма өкілдері павлодарлық спортшылардың Жапонияда Қазақстан намысын лайықты деңгейде қорғауына сенім білдірді.