Павлодар облысының кәсіпорындарында санитарлық сәйкессіздіктер азайды
Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер енгізгеннен кейін тексерістердің саны қысқартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова мәлім етті.
– Департамент мамандары жыл басынан бері өңірдің 63 тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану және сауда объектілерін тексерген болатын. Мониторинг барысында 9120 өнімнің сынамасы зерттеліп, оның 709-сында сәйкессіздіктер анықталды. Нәтижесінде айыппұл түрінде 32 әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды. Жалпы объектілерге 7,5 миллион теңгеге айыппұл салынды, – деді спикер.
Оның сөзінше, кондитерлік, нан-тоқаш өнімдерінің цехтары, ірі және зауыттағы асханалар, диірмен кешендері, ұн өндіретін фермерлік шаруашылықтар және т.б. кәсіпорындар мониторинг объектісі болды.
– Көбінесе микробиологиялық, санитарлық-химиялық көрсеткіштерде, сондай-ақ жеміс-көкөніс өнімдеріндегі нитраттардың қалдық құрамындағы зерттеулерде сәйкессіздіктер анықталды, – деді Гүлнар Ақылбекова.
Спикердің мәліметінше, биыл кәсіпорындардағы сәйкессіздіктердің саны былтырғыға қарағанда аз.
– Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер енгізілгендіктен, тексерістердің саны азайды. Қазір тексерістерді нысандардың шектеулі тізімі бойынша өткіземіз, – деп түсіндірді Гүлнар Ақылбекова.
Сондай-ақ, жазғы кезеңде облыста «Қауіпсіз өнімді таңдаймыз» акциясы өткен болатын. Шара барысында тұтынушылардың қалауы бойынша жеміс-көкөніс өнімдеріндегі нитраттардың қалдық құрамына жедел зерттеулер жүргізілді. Нәтижесінде 8907 сынама зерттеліп, оның 685-сында сәйкессіздіктер анықталды.