Павлодар облысының оқушылары республикалық робототехника турнирінде үздік атанды

Павлодар облысының оқушылары республикалық робототехника турнирінде үздік атанды
Фото: облыстық білім басқармасынан

Өңірден 21 команда бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Астана қаласындағы Назарбаев Университетінде USTEM Foundation қорымен бірлесе отырып және «Астана дарыны» орталығының қолдауымен «ASTANA FIRST & DRONES CHAMPIONSHIP 2026» чемпионаты аясында FIRST Kazakhstan 2025-2026 Astana FIRST AGE робототехника турнирі өтті.

Аталған жарысқа мектеп оқушыларын, жаттықтырушыларды, педагогтер мен еріктілерді қоса алғанда 900-ден астам адам қатысты. Павлодар облысынан барған 21 команда жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бірқатар жүлделі орындар мен номинацияларға ие болды.

FLL Challenge санатында Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның «DARYN» командасы ENGINEERING EXCELLENCE AWARD марапатын жеңіп алды.

Ы. Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернатының «Altynsarin Team» командасы INNOVATION PROJECT AWARD FINALIST номинациясының финалисі атанды.

Дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің «Robodrive8» командасы INNOVATION PROJECT AWARD номинациясының жеңімпазы болды.

Сонымен қатар, жоғарыда аталған командалар мен Павлодар қаласының №2 орта мектебінің «RoboHeart» командасы SMC (Social Media Challenge) аясында іріктеуден сәтті өтіп, Central Asia FIRST Championship 2026 халықаралық чемпионатына жолдама алды.

Бұдан бөлек, Павлодар қаласының Ш. Шөкин атындағы мектебінің «Electro squad» командасы, дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің «Georobot» командасы BREAKTHROUGH AWARD, ал Ақсу қаласының №7 ЖОМ «Max7Nova» командасы PEER AWARD номинацияларымен марапатталды.

FLL Explore санатында Павлодар қаласының №21 ЖОМ «LegoKids» командасы CHAMPION’S AWARD FINALIST атанса, осы мектептің «Новое поколение» командасы Enthusiasm and Dedication Award марапатына ие болды.

Екібастұз қаласының №35 мектеп-гимназиясының «Digital Nomads» командасы TEAM MODEL AWARD номинациясын жеңіп алды.

– Аталған командалардың барлығы 10-13 ақпан аралығында Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтетін Central Asia FIRST Championship 2026 чемпионатында өңір намысын қорғау құқығына ие болды. Бұл жарыс Орталық Азияның ең үздік командаларын біріктіреді, – деді облыстық білім басқармасында.

Айта кетейік, чемпионаттың басты жүлдесі – АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін робототехникадан әлем чемпионатына жолдама.