Павлодар полицейлері айыппұл жиі салынатын үш учаскені атады

Павлодар полицейлері айыппұл жиі салынатын үш учаскені атады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыруға, көшедегі қылмыс деңгейін төмендетуге және жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған «Қауіпсіз қала» ауқымды жобасы іске асырылуын жалғастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Заманауи бейнебақылау технологиялары оқиғаларға жедел әрекет етуге, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық орындар мен жолдарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Барлық камералар полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.

Павлодар қаласында 3000 қоғамдық қауіпсіздік камерасы, сондай-ақ қозғалыс жылдамдығын және жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркейтін 420 «Мерген» зияткерлік аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылған.

Олардың ішінде 250 кешен Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы жолдардың сызықтық учаскелерінде, ал 150 кешен қиылыстарда орналастырылған. 20 кешен республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың апаттық қауіпті учаскелеріне орнатылған.

Жоба іске қосылған сәттен бастап «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешендері жалпы сомасы 42 миллион теңгені құрайтын 1504 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін тіркеді.

Камераға тіркелген алғашқы оқиға – жылдамдықты арттыру фактісі – 27 қараша күні сағат 19:02-де Ақсу көпірінде орын алған.

Ең көп айыппұл салынатын учаскелер қатарына Назарбаев даңғылы, 75 – жылдамдық режимін бұзудың 220 дерегі тіркелген, Омбы – Майқапшағай автожолы, «Клён» бау-бақша серіктестігі аялдамасы (қаладан шығаберіс) – жылдамдықты арттырудың 164 дерегі, Омбы – Майқапшағай автожолы, «Реченька бағы» аялдамасы (қалаға кіреберіс) – жылдамдық режимін бұзудың 161 дерегімен кіреді.

«Қауіпсіз қала» жобасы – тұрғындардың қауіпсіздігі басты орын алатын қорғалған өңірге қарай жасалған маңызды қадам.